Жаңалықтар

Желтоқсан оқиғасының болуына бірден-бір себепкер – Қонаев

Фото: Мұрағаттағы сурет

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде 26 жыл Қазақстанды басқарған Қонаевтың тағы да билікте қалуға ниеті болды ма? Оның өз еркімен кеткісі келмей, Мәскеу мәжбүрлі түрде алып тастағандықтан да Желтоқсан оқиғасы болды. Журналист Асылхан Мамашұлының «Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең» атты деректі фильмінде осындай ой айтылады.

«80-ге дейін билікте боламын деді ме?»

Михаил Горбачев билікке келгеннен кейін, одақтас республикалардың басшылығында көптен жүрген, жасы келген басшыларды біртіндеп шеттетуге кірісті деп тарқатады журналист деректі фильмінде. Бірақ тізеге салмай, астыртын тәсілдерді қолдана бастады. Өйткені олар да қызметінен оңайлықпен кете салатын адамдар емес еді. Солардың бірі – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев.

Фильмдегі спикерлердің кейбірі Қонаевтың билікке деген амбициясы, оның өз еркімен кетпей отырғаны кейінгі оқиғаларға себепші деген ой айтады.

«Горбачев айналасына тазалап, республикаға жастарды қойып жатқан кез еді. Ол өзі (Қонаев – ред.) 74-те сол кезде. 12 қаңтарда 74-тен асып, 75-ке аяқ басқан кезі. Бес жылға сайланады, содан 80-ге дейін жұмыс істеймін деп ойлаған ғой. Ол кісінің де данышпандығы деп айтуға болмайды енді. Жастар келіп жатыр, өзінен кейін кадр дайындау керек еді ғой. Желтоқсан оқиғасының туындауы 16-съезде Қонаевтың өз орнын бергісі келмеуіне байланысты болды, сондықтан кінәлі сол деп есептеймін», – дейді Сәдуақас Аңсат. Ол 1982-1991 жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінің 2-хатшысы болған.

«Қонаевтың кеткені дұрыс деген ой болды ма»

Қонаев билікте 26 жыл отырды. Бірақ уақыты келгеніне қарамастан, ел ішінде Қонаевтың кетуі керек деген ой болмаған.

«Жоқ, ондай ой болған жоқ. Себебі кеңес үкіметі кезінде басшылардың бәрі аяғымен алдына қарап шығарып салады не болмаса орнынан кетеді. Екеуінің біреуі. Басшы болдың ба, сен басшы болып туып, басшы болып өлуің керек сияқты. Менің ойымша, қоғамда ондай ой (Қонаев кетуі керек – ред.) қалыптаспаған. Тоталитарлық жүйеде ондай ой қалыптасуы мүмкін емес», – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Журналист Ермұрат Бапидің сөзінше, сол кезде саяси басшылықта «жасы келді, кету керек» деген үрдіс болмаған. Кеңес одағындағы кез келген республикада жасы келген адамдар басшылықта болды. Қонаевтың өзі сол кезде 74 жаста еді.

Фильмде 1986 жылғы 16 сьездегі Мәскеудің астыртын жоспары, оның жақтастарының, оның ішінде өзі тәрбиелеген Н.Назарбаевтың Д.Қонаевты сынауы жайлы да кеңінен баяндайды. 1970-80 жылдары кеңес үкіметіндегі ішімдікпен күрес науқаны, Қазақстанға әсері жайлы да атап өткен.

Жалпы «Жон арқадан ұрылған пышақ» фильмі 10 сериядан тұрады. Әзірге тек бірінші сериясы ғана жарық көрді.