Жаңалықтар

Париж бен Эр-Рияд Палестина мемлекетін құру жөнінде саммит өткізеді

Мыңдаған адам Газа секторынан кетіп жатыр / фото: REUTERS/Mahmoud Issa
Мыңдаған адам Газа секторынан кетіп жатыр / фото: REUTERS/Mahmoud Issa

Франция мен Сауд Арабиясы дүйсенбі, 22 қыркүйекте Палестина мемлекетін құру жөнінде дүниежүзілік саммит ұйымдастырады. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Палестина мәселесін шешуге арналған ауқымды форумға әлемнің ондаған елінің басшылары қатысады. Олардың бірқатары Таяу Шығыстағы аумақты мемлекет деп ресми түрде мойындайды. Мұндай қадам Израиль мен АҚШ-тың шамына тиюі мүмкін, деп жазды Reuters. Екі ел осы саммитке бойкот жариялайды.

«Біз оны пайдалы деп есептемейміз. Біз мұны терроризмді қолдау деп есептейміз», – деп мәлімдеді Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Дэнни Данон. Ол ірі форумды «цирк» деп сипаттады.

Агенттіктің мәліметінше, Израиль өзі басып алған Батыс жағалаудың бір бөлігін аннексиялау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Саммит БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы қарсаңында ұйымдастырылады. Оны өткізуді Франция қолға алды. Күн тәртібінде Палестина мемлекетін құру мәселесі қаралады. Бұған қоса, француз президенті Эммануэль Макрон және тағы бес президент осы елдің мемлекеттігін ресми түрде мойындамақ. Осының алдында – жексенбі күні Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Португалия осы аумақтың мемлекеттігін мойындаған.

Ал Қазақстан Палестина мемлекеттігін 1992 жылы ресми түрде мойындаған.