Қытайда COVID туралы жазған журналист тағы төрт жылға сотталды

Қытайда COVID-19 індеті туралы жазған журналист тағы төрт жылға сотталды. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
42 жастағы Чжан Чжань жұма күні тағы төрт жылға түрме жазасына кесілді. Оған «араздық туғызу» айыбы тағылды. Мәліметті бірінші болып «Шекарасыз тілшілер» ұйымы жариялады.
Қытай журналисі дәл осындай айыппен 2020 жылғы желтоқсанда да төрт жылға сотталған. Сол кезде ол Ухань қаласын коронавирус індеті жайлағаны туралы мақала жариялаған. Журналист материал дайындау барысында куәгерлер сөзіне сүйенген.
Reuters осы мәселеге қатысты Қытайдың сыртқы істер министрлігіне сұрау салған. Агенттік журналистің адвокаты бар-жоғын да анықтай алмаған.
«Оны түрмеге жабудың орнына, бүкіл әлемде «ақпарат таратушы батыр» ретінде ұлықтау керек. Журналисті қуғындау тоқтасын. Тілшіні босату үшін халықаралық дипломатиялық қауымдастық Бейжіңге қысым көрсетуі керек», – деді «Шекарасыз тілшілер» ұйымының өкілі Александра Беляковска.
Чжан бірнеше ай бойы Уханьдағы жағдайға қатысты мәліметтер, видеолар жариялаған. Ол науқастарға толы ауруханалар мен қаңырап бос қалған көшелерді сипаттаған. Журналист ресми мәліметпен ұштаса бермейтін шынайы ақпарат таратқан. Оның сол кездегі адвокаты Жэнь Цюаньню журналистің сотталуын «сөз еркіндігін жүзеге асырғаны үшін қудаланды» деп сипаттаған.
Reuters танысып шыққан құжаттарға қарағанда, журналист сот үкімі шыққаннан бір айдан соң аштық жариялаған. Алайда полиция оның қолын байлап, түтік көмегімен мәжбүрлеп тамақтандырған.
«Шекарасыз тілшілер» мәліметінше, Чжан 2024 жылғы мамырда бостандыққа шыққан, бірақ үш айдан кейін қайта ұсталып, Шанхайдағы түрмеге қамалған. БАҚ өкілдерінің құқығын қорғаушы ұйым Қытайда журналистерге арналған әлемдегі ең үлкен түрме бар екенін жазды. Онда кем дегенде 124 тілші отыр.
Қытай «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 180 елдің ішінде 178-орында тұр.