Жаңа Салық кодексі: 2026 жылы салық төлеушілерді не күтіп тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жаңа жылдан бастап салық төлеушілерді көп өзгеріс күтіп тұр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Жаңа жылдан бастап салық төлеушілерді көп өзгеріс күтіп тұр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа жылдан бастап барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. Жаңа салық түрлері пайда болады. Салық жеңілдіктерін алу ережесі де өзгеріске ұшырайды. Сол себепті Kursiv.Media заңнамадағы ең басты өзгерістерді тізіп шығып, оларды қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты.

2025 жылдың басында үкімет салық реформасын қолға алып, 18 шілдеде президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Заң ережелері 2026 жылдан бастап күшіне енеді.

Корпоративтік табыс салығы

Заңды тұлғаларды қандай өзгеріс күтіп тұр

Қазақстандағы резидент заңды тұлғалар, сонымен бірге елде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар Корпоративтік табыс салығын (КТС) төлейді. Мемлекеттік мекемелер ғана салықтың осындай түрінен босатылады.

Басты өзгеріс: 2026 жылдан бастап республикадағы білім беру мекемелері де КТС төлейді. Оқу орындары осы уақытқа дейін КТС төлеуден босатылып келді. Енді олар 2026 жылы 5%, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10% КТС төлейді.

Елдегі заңды тұлғалардың басым бөлігіне 20% мөлшерінде КТС белгіленді. Алайда ойын бизнесі мен банк қызметі (бизнесті несиелеуді қоспағанда) 25% КТС төлейді.

Басқа да заңды тұлғалар төлейтін КТС мөлшерлемесі:

  • Әлеуметтік сала (білім беру, медицина) – 5% (2026 жылы), 10% – (2027 жылғы 1 қаңтардан);
  • Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер (70% жеңілдігі барлар) – 3%;
  • Ауыл шаруашылығы кооперативтері (жеңілдігі жоқтар) – 6%.

Инвесторларға арналған жеңілдіктер

Қазақстан үкіметі ел экономикасына инвесторларды көбірек тарту мақсатында түрлі салық жеңілдіктерін ұсынып отыр. Соның арқасында олардың кейбірі корпоративтік табыс салығынынан босатылады. 2026 жылдан бастап мұндай жеңілдік түрі көбейеді.

Осы уақытқа дейін Қазақстан аумағында алғаш рет іске қосылатын өндірістік нысандар КТС-тен босатылып келді. Енді, мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың айтуынша, 2026 жылдан бастап мұндай нысандар саны еселеп артады. Олар:

  • ғимараттар;
  • құрылыстар;
  • машиналар;
  • құрал-жабдықтар;
  • бағдарламалық қамту.

Енді мұндай нысандардың елде бірінші рет салынған-салынбағанына, оның өндіріс еместігіне де қарамайды. Мәселен, жеңілдік алатын нысан өндіріс цехы ғана емес, қонақ үй секілді құрылыс болуы да мүмкін.

Бұған қоса, 2026 жылдан бастап салық төлеуші шығысты шегеру құқығына ие болады. Комитет осы мәселеге қатысты арбитражды алып тастады.

Индекстеу және аванстық төлем

Осыған дейін индекстеу мәселесі дау туғызып келсе, кодекс күшіне енген сәттен бастап индекстеу сыйақы деп танылмайтын болды.

Сонымен бірге, мүгедектігі бар адамның ұйымында 3-тен 10-ға дейін жұмыскер болса, КТС төлеу барысында 50% жеңілдік алады. 10 және одан көп жұмысшы істесе, мұндай ұйым салықтың осындай түрін төлеуден босатылады. Бұған қоса, осындай ұйымның айналымына Қосылған құн салығы (ҚҚС) салынбайды.

Нұржановтың айтуынша, мүгедектігі бар адамның бірнеше ұйымға қатысы бары анықталса, онда оларға жеңілдік қарастырылмайды.

2026 жылы аванстық төлемдер бойынша шек 325 мың АЕК-тен 600 мың АЕК-ке дейін көтеріледі. Жаңа жылдан бастап Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге деп белгіленді. Бұл дегеніңіз, жылдық жиынтық табысы 2 млрд 595 млн теңгеден асатын заңды тұлға КТС бойынша аванс төлеуші деп танылады.

Түсіндіре кетейік: кәсіпкерлер аванстық төлем әдісін жыл аяғында салық көбейіп кетпес үшін алдын ала төлеп тұру үшін қолданады.

Қосылған құн салығы

ҚҚС мөлшерлемесі

Салық төлеушілер базасына қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуге тұрған тұлғалар, сонымен бірге Қазақстан мен ЕАЭО кеден заңнамасына сай ел аумағына тауар импорттайтын тұлғалар ҚҚС төлейді.

Жыл басында үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеруді ұсынған. Алайда кәсіпкерлер оған қарсы болып, жаңа Салық кодексінде 16% деп белгіленген.

Енді 2026 жылдан бастап тауар айналымы мен импортқа 16% қосылған құн салығы салынады. Құжатта ҚҚС төлеуден босатылатын немесе мөлшерлемесі төмен бірнеше кәсіп түрі көрсетілген.

2026 жылғы 1 қаңтардан – 5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан – 10%:

  1. Дәрілік заттар; медициналық бұйымдар, солардың бөлшектері мен техникалық қосымша құралдары.
  2. Отандық мерзімді баспа өткізу бойынша айналым мөлшеріне 10% төмендетілген ҚҚС белгіленді.

Салықты кімдер төлемейді

Қосылған құн салығынан босатылады:

  • тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында, сонымен бірге үкімет тізімен енген әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттау;
  • орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауларды емдеу үшін медициналық қызмет көрсету.

Бұған қоса, сауда айналымы бойынша ҚҚС төлеуден босатылатын кәсіп түрлері анықталды. Олар:

  • ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтері (қазір тек елге кіру туризмі ғана осы салықтан босатылады);
  • отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітап шығару бойынша қызметтер;
  • археологиялық жұмыстар.

Арнаулы салық жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді.

Пәтерді жалға беру

Маңызды өзгеріс: жаңа жылдан бастап тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жойылады.

Нұржановтың айтуынша, құрылысы 2026 жылы басталатын нысандарды сату немесе жалға беру үшін ҚҚС төлеу қажет болады. Ал құрылысы жыл аяғына дейін басталған нысандар саудаға түскенге дейін олардың айналымы салықтың осы түрінен босатылады.

Құжат тапсыру тәртібі

ҚҚС бойынша декларация өткізу тәртібі өзгереді. Тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен бастап одан кейінгі айдың 15-не дейінгі уақыт. Мысалы, 2026 жылдың алғашқы тоқсаны үшін құжат тапсыру 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында жүргізіледі.

Жеке табыс салығы

Мөлшері

8500 АЕК-ке дейін табыс табатын жеке тұлғалар 10% жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді. Ал табысы одан (35 096 500 теңге) жоғары кәсіпкерлер үшін – 15%.

Адвокаттар, медиаторлар және нотариустар секілді жеке практикамен айналысатындар 9% ЖТС төлейді.

Дивиденд көлемі 230 мың АЕК-тен (949 670 000 теңге) аспаса – 5%, асып кетсе – 15% ЖТС төленуі керек. Бұған дейін 30 мың АЕК-ке дейінгі көлемдегі дивидендке ЖТС ұсталмайтын. Жаңа Салық кодексінде мұндай ереже жоқ. 2026 жылдан бастап бәрі дивиденд үшін салық төлеуі тиіс.

Жеке кәсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалығының табысы 230 мың АЕК-тен аспаса – 10%, асып кетсе – 15% жеке табыс салығын төлейді.

Салық шегерімі

Жеке тұлға салық шегерімінің бірнеше түрін қолдануға құқығы бар. 2025 жылдан бастап азаматтар медицина, білім және ипотека бойынша шегерімді пайдаланып жүр. Ол үшін жеке тұлға салық агентіне жүгініп, жылына 882 АЕК (3,6 млн теңге) көлемінде шегерім белгілеуге өтініш беру керек. Енді, 2026 жылдан бастап, жеңілдік алғысы келетін азаматтар 15 қыркүйекке дейін 270 формасымен декларация өткізуі тиіс. Оған салықтан шегерім жасау керектігін растайтын құжат қоса тіркелуі керек.

Осындай декларация тапсырылмаған жағдайда, осындай жеңілдік пайдаланған азаматтан жеке табыс салығы бойынша төленбеген сома талап етіледі.

Бағалы қағаздар

2026 жылдан бастап бағалы қағаздарды сату кезінде теріс және оң өсім сальдосы ескеріледі. Мысалы, екеуін қосқан уақытта оң өсім шықса, онда оған 10% салық төлеу керек болады.

Әлеуметтік салық

Жаңа Салық кодексінде әлеуметтік салыққа қатысты басты өзгеріс – 2026 жылдан бастап әлеуметтік аударымдарға да салықтың осы түрі ұсталады. Бұған дейін мұндай аударымдардан әлеуметтік салық ұсталмайтын. Әлеуметтік салық көлемі – 6%.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өзі өндірушілер үшін белгіленген мөлшерлеме – 1,8%.

Әлеуметтік салық төлейтін жеке кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар:

  • өзі үшін – 2 АЕК;
  • әрбір жұмыскер үшін – 1 АЕК.

Шаруа немесе фермер қожалықтары әлеметтік салықты:

  • өздері үшін – 0,6 АЕК;
  • әрбір жұмыскер үшін – 0,3 АЕК.

Акциз

Алкоголь өнімі, коньяк, шарап, сыра және темекіге акциз мөлшерлемесі 10%-ға ұлғайтылды. 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға да салықтың жаңа түрі енгізілді. Осындай сусындар үшін 2026 жылғы акциз мөлшері – 1 литріне 100 теңге, ал 2030 жылы 240 теңге болады.

Жеке тұлғалар 18 мың АЕК-тен (77 850 000) асатын сомаға автокөлік сатып алса, 10% акциз салығын төлеуі тиіс. Мұндай тәртіптің импортқа ғана емес, ішкі саудаға да қатысы бар. Су және әуе көліктері үшін белгіленген шек – 24 АЕК.

Меншікке салынатын салық

Көлік құралдарына салынатын салық

Жаңа Салық кодексінде көлік салығының мөлшерлемелері қайта қаралды. 2013 жылға дейін және кейін деп бөлу алып тасталынды. Енді пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асса – 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Осылайша салық көлемі 30 және 50 пайызға төмендейді.

Шаруа қожалықтары бір пикап үшін көлік салығын төлеуден босатылды.

Бұған қоса, ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алып тасталды.

Жер салығы

Мұнда да ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алып тасталды.

Қала аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша салық есептеу нақтыланды. Жер ауыл шаруашылығында пайдаланса, соған сәйкес төмен мөлшерлеме есептеледі. Ал оған сай болмаса, елді мекен жері ретінде жоғары мөлшерлемемен салық ұсталады. Базалық мөлшерлеме 40 есеге ұлғайтылады.

Мүлік салығы

Төленетін салық көлемі 300 АЕК-тен (1 296 000 теңге) аспаса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебі тапсырылмайды. Осы шектен асып кетсе, онда төрт төлем есебі мен декларация тапсыру қажет болады.

Арнаулы салық режимдері

Қазір жеті арнаулы салық тәртібі болса, 2026 жылы солардың үшеуі ғана қалады. Олар төмендегі кестеде көрсетілген:

 СубъектОбъектКіріс бойынша шегіЖалдамалы қызметкер саныМөлшерлемеҚызмет түрлері
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған салық режимі (патент, мобильді қосымша)Жеке тұлғаКірісіАйына 300 АЕК (1,3 млн теңге/ай)Жалдамалы қызметкерсіз4% Тек МЗЖ, ЖБМЗЖ, ӘА, МӘМС (ЖТС-сыз)Қолдануға рұқсат қызмет түрлері (Үкімет тізіміне сай)
Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміЖеке кәсіпкер, ЖШСКірісіЖылына 600 мың АЕК (2,4 млрд) + Жылдық кіріс 100 млн теңгеден асса, еңбекақы төлеу қоры салық салынатын кірістен алып тасталадыШектеусіз4% B2C (жеке тұлғалармен) және B2B (бизнеспен) Мәслихаттар 50% төмендете, көтере аладыҚолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі (Үкімет дайындайды)
Шаруа қожалықтарына арналған салық режиміШҚСалық жеңілдіктері сақталады, тек жеке табыс салығы салынады. БЖС алып тасталады.Кірістен 0,5% 

Шаруа қожалықтары үшін жаңа заңнамада өзгеріс жоқ – кірістан ұсталатын салық мөлшері 0,5% болып қала береді. Жалғыз өзгеріс – бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы ұсталады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарға

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар үшін арнаулы салық тәртібі енгізіледі. Арнаулы салық режимімен жұмыс істеп жүрген азаматқа жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес. Бірақ табысы айына 300 АЕК-тен аспауы керек. Жұмыссыз азаматтар үшін белгіленген мөлшерлеме – 4%. Олар жеке табыс салығын төлемейді. Бірақ зейнетақы жинағына, МӘМС-ке ақша аударып, әлеуметтік алым төлеуі керек.

Арнаулы салық тәртібімен жұмыс істеуге болатын қызмет түрлерін үкімет анықтайды. Нұржановтың айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтитытындар үшін белгіленген үкімет тізімінде 35-40 кәсіп түрі болады. Солардың ішінде тұрғын-жай (пәтерді) жалға беру де кіреді. Пәтерді жалға беруп отырған жеке тұлғалар осындай салық тәртібімен жұмыс істей алады.

Оңайлатылған декларация

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық тәртібімен жұмыс істей алады. Шегі – бір жылға 600 мың АЕК (2,4 млрд теңге). Жұмыскер санына шектеу жоқ. Салық мөлшерлемесі – 4%. Жергілікті мәслихаттар оны 2 пайызға дейін түсіре, 6 пайызға дейін арттыра алады.

Осы тұста айта кететін маңызды бір мәселе – жеңіл салық тәртібін үкімет дайындайтын «Қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізіміндегі» кәсіптерге ғана қолдануға болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Жәнібек Нұржановтың айтуынша, мұндай тізім әлі талқыланып жатыр. Үкімет тізімінің жобасы осы аптада жариялануы тиіс.

«Халыққа қызмет көрсететін түрлері ғана арнайы салық тәртібінде қалады. Тұрғын-үй ғана емес, ғимаратты жалға беру секілді кәсіп түрлерін әлі талқылап жатырмыз», – деп түсіндірді комитет өкілі.

Дегенмен өткен аптаның аяғында – 19 қыркүйекте uchet.kz сайтында жоғарыда сөз болып отырған тізім жобасы жарияланды. Онда барлығы 990 қызмет түрі көрсетілген, яғни Қазақстанда шамамен 1090 код болса, соның жүз шақтысы ғана арнаулы салық тәртібімен жұмыс істей алады деген сөз. Мұндай жағдай елдегі кәсіпкерлердің көп бөлігінің наразылығын туғызды. Дегенмен, үкімет жобасы әлі қабылданбағандықтан, нақты қанша кәсіп түрінің жеңіл салық тәртібімен жұмыс істей алатынын айтуға ертерек.

Сондай-ақ оқыңыз