
Алаяқтар «ұтылыссыз лотерея» деген желеумен адамдарды алдауға көшкен. Мұндай лотереялар ішінде, әсіресе, қымбат массаж орындық жапқыштар саудасына қатысты алаяқтық схемалар көбейген. Алаяқтар ұйымдастырып жүрген жалған акцияларға қостанайлық тұрғындар тап болған.
Қазіргі уақытта тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне Қостанай азаматтарынан түскен шағымдар көп.
Тегін сыйлықтың артында 1 млн теңге несие…
Алаяқтар көшеде адамдарға «ұтылыссыз лотерея» конвертін ұсынған. Олар шаңсорғыш, үтік, микротолқынды пеш секілді бағалы сыйлықтар тегін берілетінін айтып сендіреді. Сыйлықты табыстау үшін оларды дәмхана немесе мейрамханаға шақырады. Алайда оның артында алаяқтардың құйтырқы әрекеті болған.
«Сыйлықпен бірге сатушылар массаж жапқышты сатып алуға ұсыныс жасап тіпті көндіруге тырысады. Егер тұтынушыда қолма-қол ақша болмаса, бірден сол жерде банк қосымшалары арқылы несие рәсімдеп береді. Нәтижесінде ‘тегін сыйлық’ тұтынушыға 1 млн теңгеден аса шығын әкеледі, ал оның тауардың нарықтағы бағасынан ондаған есе қымбат екені анықталады», – деп мәлімдеді Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті.
Мамандар нені ескертеді
- Сатып алынған тауарды 14 күн ішінде қайтаруға болады;
- Сатып алу фактісі мен қайтарылатын соманы көрсете отырып, сотқа дейінгі талап хатын жазу қажет;
- Сатушы бұл талапты 10 күн ішінде қарауға міндетті;
- Егер сатушының заңды мекенжайы бойынша табылмаса, сотқа жүгіну керек;
- Сондай-ақ, алаяқ сатушы туралы банкке хабарлауға болады, бұл оның шоттарын бұғаттауға көмектеседі.
Мамандар «тегін сыйлықтар» ұсынылатын акцияларда көбіне агрессивті маркетинг пен психологиялық қысым қолданылатынын айтады. Сол себепті сатып алу шарттарының заңдылығына көз жеткізбейінше, келісімшартқа қол қоймауға кеңес береді.
Айта кетейік жыл басынан бері елімізде 16 500-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Былтыр азаматтар алаяқтардың шотына 45 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Ал биыл 9 айда 34 млрд теңгесінен айырылды.