Жаңалықтар

2026 жылы бала туу мен нәресте күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері өседі

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы күтім жәрдемақысы да артады / Фото: kursiv.media архиві

2026 жылы Қазақстанда бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 10%-ға өседі. Нақтырақ айтсақ 149,4 мың теңгеден 164,3 мың теңгеге дейін артады. Бұл 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында айтылған.

Жәрдемақының өсуі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін өсуімен тікелей байланысты.

164,3 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы 2026 жылы алғаш туған үш бала үшін төленеді. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға төленетін жәрдемақы 272 475 теңгені құрайды. Еске салайық биыл бұл сома 247 716 теңгені құрап отыр.

2026 жылы бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы бала күтімінің жәрдемақысы да артады. Бірінші балаға төленетін жәрдемақы 2,2 мың теңгеге өсіп, 24 912 теңге болады. Екінші бала үшін — 29 453 теңге, үшінші бала үшін — 33 951 теңге, ал төртінші балаға — 38 492 теңге көлемінде төленеді.

Айта кетейік бала туғанда берілетін жәрдемақыны алу құқығына Қазақстан азаматтары, қандастар және елде тұрақты тұратын шетелдіктер ие. Бұл жәрдемақы дүниеге келген, асырап алынған немесе қамқорлыққа алынған балаларға төленеді.

Республикалық бюджет жобасына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалып, 85 мың теңге болады. Ал ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге дейін өседі. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды.