2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінен салық ұсталмайды

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соған сәйкес, зейнетақы қоры төлемдерінен, сондай-ақ баспана алу немесе емделуге пайдаланылатын біржолғы зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталмайды.
Бұл жеңілдік тек Қазақстан резиденттеріне қатысты болады. Егер алушы бейрезидент болса, оның төлемдерінен бұрынғыдай салық ұсталады.
Сонымен қатар қазір біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған кезде ЖТС екі түрлі тәсілмен алынады: не төлемді алған сәтте бірден, не зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырып төлеу арқылы.
Жаңа Кодекс бойынша, егер азамат бұған дейін ЖТС төлеп қойған болса, ол қаражат қайтарылмайды. Бірақ кейінге қалдырылған міндеттемелер 2026 жылдан бастап жойылады.
Яғни 2025 жылдың соңына дейін БЖЗҚ-дан төленетін барлық зейнетақы төлемдеріне бұрынғыдай ЖТС салына береді. Ал 2026 жылдан бастап бұл салықтан толық босатылады.
Ерікті зейнетақы жарналарына қатысты өзгерістер де қарастырылған. Қазір өз пайдасына жасалған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салық шегерімдері бар. Алайда 2026 жылдан бастап бұл норма алынып тасталады. Дегенмен, ерікті жарналар есебінен қалыптасатын төлемдердің өзі ЖТС-тан босатылады.
Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкер үшін ерікті жарналар аударған жағдайда, ол қызметкердің табысы болып саналмайды және оған ЖТС салынбайды. Ал жұмыс берушінің өзі бұл шығысты корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегере алады.
Қазақстан үкіметі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаржысын басқару тәртібіне өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Зейнетақы қаржысын тәуекелі жоғары құралдарға салуға рұқсат берілмек.