Жеке инвестицияның үлесі аз: құрылыс саласы бюджет қаржысына тәуелді

Қазақстандағы құрылыс секторы соңғы жылдары айтарлықтай өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша бұл сала 18,1% жылдық өсімге жетті. Өткен жылы осы кезеңде өсім 8,8% болғанын ескерсек, көрсеткіш екі есе артқан. Дегенмен Halyk finance сарапшылары мұндай серпіннің ұзаққа бармайтынын айтады. Себебі бұл өсімге мемлекет қазынасынан, Ұлттық қордан бөлінген қомақты қаржы себеп болған.
Үкіметтің тамыз айында бекіткен әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, жыл соңына қарай құрылыс өсімі 15%-ға дейін баяулауы тиіс. Бұған бірнеше себеп бар: біріншіден, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің көлемі азаяды; екіншіден, өткен жылдың соңында бөлінген қомақты қаржы көрсеткішті «жасанды» түрде көтеріп отыр. Сондықтан алдағы айларда құрылыс саласының қарқыны баяуламақ.
Сектордағы негізгі өсімді мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалар қамтамасыз етті. Құрылыс көлемінің жартысынан астамы инженерлік нысандарға тиесілі болса, тағы 30%-ы – мемлекеттік тапсырыс негізінде салынған әкімшілік және әлеуметтік мақсаттағы ғимараттарға тиесілі. Мәселен, автожол құрылысы 35,6%-ға, теміржол және метро құрылысы 91,7%-ға, мұнай-газ құбырлары 52,7%-ға артқан. Мұның барлығы ірі мемлекеттік жобалар: Астанадағы LRT, Алматыдағы метро желісі мен Теңіз кенішін кеңейту жұмыстарына тікелей байланысты.
Аймақтық тұрғыдан да жағдай мемлекеттік қаржының рөлін көрсетіп отыр. Көшбасшылар қатарында Қызылорда (+44,6%), Солтүстік Қазақстан (+41,5%) облыстары, сондай-ақ Алматы (+36,6%) мен Астана (+27,5%) бар. Бұл өңірлерде әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бағдарламалары белсенді жүріп жатыр. Ал, керісінше, Атырау облысында (-36,2%) және Ұлытау облысында (-2,7%) құрылыс көлемі азайды. Себебі мұнда бірқатар ірі мұнай-газ жобалары аяқталды.
Сарапшылардың пікірінше, құрылыс саласының қазіргі үлгісі ұзақмерзімді дамуға жарамсыз. Себебі ол тек бюджет қаржыландыруына және жекелеген бір реттік жобаларға тәуелді. Ал мұндай модель мемлекет қаржысын көп қажет етеді және экономика үшін тұрақсыздық қаупін тудырады.
Маңызды жайт – құрылыс секторы экономиканың «саудаға шықпайтын» бөлігі саналады. Яғни, ол ұзақмерзімді экономикалық өсімді тікелей қамтамасыз етпейді, керісінше бюджеттік шығын нәтижесі ретінде қалыптасады. Сондықтан саладағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін жеке капиталдың үлесін арттыру қажет.
Яғни қазіргі құрылыс секторының өсімі шын мәнінде мемлекет қаржысының арқасында болып отыр. 2025 жылдың нәтижесі бұл саланың ірі жобалар мен бюджеттен бөлінетін трансферттерге қатты тәуелді екенін дәлелдейді. Ал жеке инвестициялар үлесі аз. Сондықтан ұзақ мерзімде бұл тәуелділікті азайтып, құрылысқа жекеменшік капиталды көбірек тарту – ең өзекті мәселе болып қала бермек.