Жаңалықтар

Сарапшы: мемлекет тозған инфрақұрылымды толық қаржыландыруға тиіс емес

Фото: Серікжан Қобланбаев

Қазақстанда инженерлік желілер 60%-ға тозған. Ал бизнес өкілдері мемлекеттің бұл саланы 100 пайыз қаржыландыруы жеке инвестицияны ығыстырады деп есептейді. Экономист Расул Рысмамбетовтың пікірінше, ең дұрысы – мемлекет кепілдік беріп, бастапқы қолдау көрсетуі керек. Бұл туралы ол  Kursiv Infrastructure Forum форумы барысында айтты.

Рысмамбетовтың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялар белсенді жүріп жатқандықтан, инфляцияға да әсер еткен. Оның сөзінше, елдегі инфрақұрылым жүйелері ескірген, сондықтан мемлекеттің араласуы заңды. Дегенмен инвестор көзімен қарағанда, әрдайым Қазақстанда жол салу, қойма тұрғызу қаншалықты тиімді, жобаның болашағы қандай деген сұрақ туындайды.

Сарапшы Алматы облысында іске қосылған қойма инфрақұрылымына негізделген «Даму» логистикалық компаниясының тағдырын мысалға келтірді. Бұл жоба қарыз ауыртпалығының салдарынан сәтсіздікке ұшырап, кейіннен үлкен түйткілге айналды.

«Біз доллармен қарыз алып, теңгеде салым жасаймыз. Мұндай жағдайда жобаның болашағын қалай есептеу керек?», – дейді Рысмамбетов.

Оның айтуынша, ең басты мәселе – мемлекеттің нарыққа толық араласып кетпеуі. Егер барлық шығынды мемлекет көтерсе, онда жеке инвестициялар үшін орын қалмайды.

«Бұл экономикада crowding out effect деп аталатын жағдайға әкеледі», – дейді сарапшы.

Рысмамбетов Қазақстан темір жолы компаниясының транзит көлемін екі есе арттыру жоспарына және мемлекеттік жүк әуе компаниясын құру бастамасына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай қадамдар тиімді болуы мүмкін, алайда жеке капиталдың қызығушылығын төмендету қаупі бар.

Сонымен қатар ол Қазақстан үшін Қытай, Ресей және Иран нарықтарының болашағына назар аударды. Санкция мен геосаяси дағдарыстарға қарамастан, бұл нарықта әлі де маңызды болып қала береді.

«Иранға ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу үшін қойма және тасымал инфрақұрылымын дамыту қажет. Мемлекет толық қаржыландырудың орнына кепілдік немесе инфрақұрылымдық облигациялар арқылы бастапқы қолдау көрсетуі тиіс», – дейді сарапшы.

Бұл ретте Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновіың айтуынша, Қазақстанда экономикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды. Оның жалпы құны шамамен 13 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 6 трлн теңге генерацияға, ал 6,8 трлн теңге инженерлік желілерді (су, электр, жылу) жаңартуға бағытталады.

Қасеновтің сөзінше, жоба елдегі инженерлік жүйелердің жоғары тозуына байланысты қолға алынды. Жылу желілері 53% тозып тұрса, ал 22 монополист компанияда бұл көрсеткіш 65–90% аралығында.

Электр желілерінде жағдай бұдан да күрделі – орташа тозу деңгейі 62%, ал кейбір компанияларда 97%-ға дейін жетеді. Сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерінде де көрсеткіш жоғары – сәйкесінше 49% және 54%.

«Апаттар санын азайту, коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыру және ресурстарды тиімді пайдалану үшін ұлттық жоба әзірленді», – деді вице-министр.

Осылайша, мемлекет те, бизнес өкілдері де инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын мойындайды. Дегенмен, олардың көзқарастары әртүрлі: мемлекет үшін бастысы – әлеуметтік тұрақтылық пен апаттардың алдын алу болса, бизнес үшін – жеке капиталға қолайлы жағдай жасау. Екі тараптың түйісетін жері – инфрақұрылымның жаңғыруы Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді тұрақтылығы үшін шешуші мәнге ие.