Авто

АҚШ-та Hyundai Palisade көліктерінен ақау шықты: Қазақстандықтарға нені ескеру керек

Palisade ақауы: қазақстандықтарға маңызды ескерту/Фото: ашық дереккөзден

Hyundai Motor 2020-2025 жылдары шығарылған 568 580 Palisade көлігін  қауіпті ақауға байланысты кері қайтарып жатыр. Бұл туралы АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық басқармасы (NHTSA) автоконцернге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Мәселенің төркіні неде?

Hyundai Palisade көліктерінің қауіпсіздік белдігінен ақау анықталды. Бұл жабдықта зауыттық стандарттарға сай келмейтін бөлшектер пайдаланылған болуы ықтимал. Әсіресе күн суытқанда белдік толық құлыпталмай қалуы мүмкін. Егер белдік сенімді түрде бекітілмесе, жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші де, жолаушы да қажетті қорғаныссыз қалады. Мұндай жағдай жарақат алу қаупін едәуір арттырады.

Бұл ақау қандай көліктерден анықталды? АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, ақау 2020–2025 жылдары шығарылған Hyundai Palisade үлгілерінен анықталған. Олардың барлығы дерлік АҚШ-та сатылған. Сондықтан дәл осы көліктер кері қайтарылады. Ақау жүргізуші, алдыңғы жолаушы және екінші қатардағы кейбір орындардың белдік құлпына қатысты болуы мүмкін.

Қазақстанға қатысы бар ма

Қазақстанда Hyundai Palisade-қа сұраныс тұрақты: модель ресми түрде Hyundai Trans Kazakhstan дистрибьюторлық желісі арқылы сатылады, сондай-ақ АҚШ пен Кореядан параллель импортпен әкелінеді. Ескеретін жайт, егер сіздің Palisade АҚШ-тан әкелінген болса, ол көлік кері қайтару тізіміне түсуі ықтимал. Ал Қазақстандағы ресми дилерлер арқылы сатылған көліктерге қатысты әзірге ақпарат жоқ. Әдетте мұндай хабарламалар ақау басқа нарықтағы көліктерде де анықталған жағдайда жарияланады.

Қазақстандағы Palisade иелері не істеуі керек

Бірінші, көліктің VIN-нөмірін тексеру. АҚШ-тағы NHTSA сайтына (nhtsa.gov/recalls) 17 таңбалы VIN енгізіп, Palisade кері қайтару тізіміне кіретінін анықтауға болады.

Екінші, Қазақстандағы Hyundai ресми дилерінің хабарламаларын қадағалау. Егер кампания кеңейтілсе, дилерлер иелерін хабардар етіп, жөндеуді тегін жүргізуі тиіс.

Үшінші, белдіктің жұмысын өзіңіз тексеріңіз. Hyundai белдікті құлыпқа тез қыстырып, кейін міндетті түрде тартып, дұрыс құлыпталғанына көз жеткізуді ұсынады.

Төртінші, мәселе анықталса, сервиске жүгіну. Қазақстанда ресми кампания басталмаған күннің өзінде құлыпты Hyundai сервистерінде ауыстыруға болады.

Бұл неге маңызды

Қауіпсіздік белдігі — көліктегі ең негізгі қорғаныс құралы. Жастықшалар іске қосылғанның өзінде белдіктің ақауы ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін. Hyundai қазіргі уақытта осы ақауға байланысты жарақат алу немесе өлім жағдайлары тіркелмегенін атап өтті. Дегенмен, тәуекелді болдырмау үшін алдын ала шара қабылдап отыр.

Қазақстандағы Hyundai Palisade иелеріне VIN-нөмірді тексеріп, белдіктің дұрыс құлыпталуын мұқият бақылау ұсынылады. Егер кампания біздің нарыққа да таралса, құлыпты ресми сервис орталықтарында тегін ауыстыруға болады.

Еске сала кетсек, аталған көліктің жаңа нұсқасы Қазақстанда биылғы тамыз айынан бастап сатылымға шығарылды. Жол талғамайтын көліктің бағасы 33 млн теңгеден жоғары.