
Ұлттық тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Хәрри Поттер» әлеміне арналған арнайы пойыз жобасын іске қосты. Kursiv LifeStyle бұл ерекше пойызбен Қазақстаннан Хогвартсқа қалай баруға болатынын баяндайды.
Тақырыптық пойыз «Астана-1 – Тастақ – Астана-1» бағыты бойынша жүреді. Қашықтық – 60 шақырым, бағдарлама ұзақтығы – екі сағат. Жол бойында жолаушыларды сиқырлы әлем кейіпкерлерінің образындағы актерлердің қатысуымен шоу күтеді.
«Бағдарламада балалар мен ересектерді ертегідей саяхат атмосферасына елітетін түрлі интерактивті элементтер қарастырылған», – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Шара соңында әрбір жас жолаушыға есте қалатын сыйлық ретінде сиқырлы таяқша табысталады.
Алғашқы рейстер 5 қазан 2025 жылы сағат 11:25-те және 12 қазан 2025 жылы сағат 11:25-те жолға шығады. Броньды жеке балаға да, топқа да жасауға болады. Ескерту: 30 қыркүйектен кейін билет бағасы қымбаттайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдан Өзбекстанға туристік Jibek Joly пойызы жолға шығатынын жазған едік.