Жаңалықтар

Тоқаев FIFA президентімен Қазақстандағы футболды дамыту мәселелерін талқылады

Тоқаев FIFA президентімен кездесті / фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантиномен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы футболды дамыту, әсіресе балалар спортын қолдау және заманауи инфрақұрылым салу мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан FIFA Arena бағдарламасына жоғары баға беріп, Федерацияға алғысын білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан FIFA-мен ынтымақтаса отырып, аймақта футбол қарқынды дамитын елге айналатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Джанни Инфантино Тоқаевқа футболға ерекше назар аударғаны үшін алғыс айтып, ұлттық футболдың деңгейін көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін FIFA Қазақстанның ауылдарына 100 футбол алаңын салатынын жазған едік.