
Үкімет халық жиі тұтынатын, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы реттеуден бас тартады. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейінгі брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік маңызды саналатын азық-түлік тауарлардың тізбесінен (ӘМАТ) бас тарту кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қазіргі уақытта елдің бірнеше өңірінде пилоттық жоба іске қосылған.
«Біз Ақкөл, Павлодар, Көкшетау өңірлерінде ӘМАТ тізбесінен бас тарту бойынша арнайы пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Оған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар үшін ваучер қарастырылған. Бұл ваучер көмегімен бір жыл ішінде тұтынушы жеңілдетілген баға бойынша азық-түлік сатып ала алады. Мұны өте тиімді модель деп айтуға болады. Себебі осылайша өндірушілер реттеушінің қысымынан құтылады. Пилоттық жоба осы жылдың соңына дейін жалғасып, 2026 жылдың ішінде ақырындап басқа өңірлерде жүзеге асырыла бастайды», – деді министр.
Еске сала кетсек, Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуден бас тартатыны туралы 2023 жылдан бері айтылып келеді. Экс-Қаржы министі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылдың басында үкіметтің 2024 жылдан бастап әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тізімінен 9 тауардың алынып тасталатынын хабарлаған болатын. Шенеунік 2025 жылдан бастап қалған 10 тауардың да бұл тізімнен шығатынын айтқан еді.