Жаңалықтар

Мүлкін жасырып, мемлекеттен заңсыз көмек алған отбасылар анықталды – прокуратура

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау талаптары тағы күшейеді
Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған отбасылар анықталды / Фото: kursiv.media архив

Түркістан облысының прокуратурасы мүлкін жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған масыл отбасыларды анықтады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Прокуратура органдары атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу үшін азаматтардың өздерінің нақты табыстарын және жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің санын жасырған фактілерін анықтады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Атап айтқанда, Сарыағашта 11 отбасы, Келесте 6 отбасы, Мақтааралда 2 отбасы табысын жасырып мемлекет қаржысынан 4,2 млн теңгені заңсыз иемденгені белгілі болған.

Бұдан бөлек Келес ауданындағы 13 тұрғынның атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген кезде отбасымен бірге тұратын мүшелерін әдейі жасырып, отбасының жиынтық табысын төмендетіп, кедейшілік шегінен аспауға тырысқан.

«Нәтижесінде олар 2,2 млн теңгені заңсыз алған», – деп хабарлайды прокуратура.

Прокуратура бұл фактілер бойынша уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісі енгізілгенін хабарлады.

Айта кетейік, негізсіз әлеуметтік көмек алатын адамдардың қоғамға масыл болып отырған адамдар туралы айтылып келе жатқанына біраз болды. Тоқаев 2024 жылдың күзінде азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауды тапсырған болатын. Президент мемлекеттен берілетін көмекті заңсыз алатындардың әлеуметтік масылдық туғызып отырғанын айтып сынаған болатын. Тоқаев бұл ойын қыркүйектегі жолдауында да қайталады. Айтуынша, кейбір әлеуметтік көмек түрлерін негізсіз алып отырғандар бар. Десе де, президент мемлекеттің шын мұқтаж адамдарға көмек көрсетуден бас тартпайтынын жеткізді.