Жаңалықтар

Білім беру жүйесіне ЖИ енгізу: мектептерде бұл үрдіс қалай жүзеге асырылады?

Президент Тоқаев Білім беру жүйесіне ЖИ енгізуді тапсырды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Президент Тоқаев білім беру жүйесіне ЖИ енгізуді тапсырды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлы елге айналдыру мәселесін көтерді. Осы орайда ЖИ мүмкіндіктірін білім саласына да біртіндеп енгізіп, заман талабынан қалмау қажет екенін баса айтты. KursivMedia редакциясы салаға ЖИ енгізу үрдісі қалай жүргізілетіні оның ұстаздар мен оқушылар үшін әсері қандай болатыны жөнінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Нәзипа Аюбаевадан сұрап білді. Академия басшысы қазіргі заман сұранысына сай білім беру жүйесіне ЖИ енгізу аса маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Ұлттық білім академиясы басшысының жалпы салаға ЖИ енгізу мәселесіне қатысты ойы қандай?

Шетел тәжірибесі

Экономикасы мен технологиясы, өндірісі мен әлеуеті қарқынды дамыған елдер білім беру жүйесіне ЖИ шешімдерін кеңінен енгізуде. Жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшы Қытай мемлекетінде биылғы оқу жылынан бастап ЖИ арнайы оқу пәні ретінде еніп отыр. Аспанасты елінде мектеп табалдырығын аттаған 6 жасар бала ЖИ технологиясын игере бастайды. Біріккен Араб Әмірліктерінде де жасанды интеллект оқу пәні ретінде енгізіліп, бастауыш сыныптан бастап жоғары сынып оқушыларына дейін бағдарламаға сәйкес ЖИ шешімдерін деңгей-деңгей бойынша оқып меңгереді.

Қазақстан мектептеріндегі жағдай

Біздің елімізде 2025-2026 оқу жылында мектептің «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» оқу пәндері мазмұнына жасанды интеллекті негіздері кіріктіріліп оқытылады. Мектеп бағдарламасына жасанды интеллект жеке оқу пәні ретінде емес, оқу пәндері мазмұнына кіріктіріліп енеді. Алтынсарин академиясының Орта білім мазмұны институты биылғы оқу жылына әзірлеген Әдістемелік нұсқау хатында «Оқу процесіне жасанды интеллектіні кіріктіру» бөлімін ұсынды. Аталған Нұсқау хатында әр оқу пәнін ұйымдастыру ерекшеліктерімен қатар, ЖИ шешімдерін кіріктіру жолдары ұсынымдық кеңес түрінде берілді.      

Жасанды интеллект туралы қарапайым түсініктер, қауіпсіздік ережелері, этикалық нормалар туралы білім мен дағдыны еліміздің  бастауыш сынып оқушылары «Цифрлық сауаттылық» оқу пәнінен үйренсе, негізгі және жоғары сынып оқушылары «Информатика» пәнінен оқып меңгереді. «Информатика» пәнінің алгоритмдер, деректерді өңдеу, машиналық оқыту негіздері тақырыптарын оқуда білім алушылар ЖИ-ді қолдану құзыретін игереді. Нақтылай айтқанда, ЖИ орта білім беру жүйесіне оқу пәндерінің мазмұнына кезең-кезеңмен және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізу арқылы жүзеге асады.

ЖИ технологияларын білім саласына сапалы енгізу маңызды

Егеменді еліміздің дамуы «замана көшінен қалмас үшін» білім беру жүйесіне ЖИ технологиясын жан-жақты әрі терең сараптай отырып, жүйелі әрі сапалы енгізу міндеті мен жауапкершілігі тұр.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында алдымен ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын дамытуды жолға қою керек екенін баса айтты. 

Бүгінгі таңда педагогтер қауымдастығы үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары және әдістемелік қолдау жұмыстары жүйелі қолға алынды. «Өрлеу» ұлттық орталығының USTAZ платформасында ЖИ бойынша онлайн курстар ашылып, қазіргі күннің өзінде аталған курстан 180 мыңнан астам педагог оқудан өтті.

ЖИ технологиясын меңгертудің үш деңгейлі моделі

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұстаздарға ЖИ технологиясын меңгертудің үш деңгейлі моделі аясында жұмысты бастап кетті.

  • Бірінші модель бойынша орта білім беру ұйымдары педагогтеріне ЖИ туралы базалық деңгей мен цифрлық сауаттылық негіздері үйретіледі.  
  • Екінші модельде ЖИ-ді пәнге кіріктіру әдіс-тәсілдері оқытылады.
  • Үшінші модель бойынша мұғалімдердің ЖИ арқылы жобалық және зерттеу жұмыстарын жүргізу сауаттылығын арттыру көзделген.

Бұған қоса, Алтынсарин академиясы ұстаздардың ЖИ-мен жұмыс жасауда кәсіби қызметіне қажетті маңызды әдістемелік нұсқаулықтар әзірледі. Атап айтқанда, «ЖИ-ді этикалық қолдану жөніндегі нұсқаулық» пен «Академиялық адалдық қағидаттары». Академияның ресми сайтында ЖИ-ді функционалдық сауатты қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар да қолжетімді екенін де айта кеткен абзал.

Жасанды интеллектіні «серіктес» ретінде қолдану

Сонымен қатар, Алтынсарин академиясы орта білім беру ұйымдарына Day of AI сияқты ашық әдістемелік кешенін қазақ және орыс тілдеріне аудару, отандық білім беру жүйесіне бейімдеу жұмысын да қолға алды. ЖИ технологиялары үнемі өзгеріп-дамып отырады, бұл кешен де соған сай тұрақты жаңарып, мұғалімдерге жаңа тапсырмалар, сценарийлер мен түрлі құралдар ұсынады, яғни ұстаз әрдайым өзекті әрі заманауи материалға қол жеткізе алады. Яғни біздің көздеген мақсатымыз – мұғалімдер қауымын үздіксіз кәсіптік дамуы мен тұрақты әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету. Бұл әдіс­темелік кешен таяу арада барша мұғалім үшін қолжетімді болады. Көмекші жүйе мектеп және колледж ұстаздарымен қатар оқушыларға да пайдасын тигізеді деген ойдамыз.

Асылы, біздің мақсатымыз еліміздің педагогикалық қауымдастығына білім сапасын арттыруда  жасанды интеллектіні «серіктес» ретінде қолдану жолдары мен тетіктерін үйрету. Яғни, «мұғалім – оқушыға ЖИ-ді сауатты пайдалануды үйрететін жетекші тұлға» деген қағидатты сақтау деген сөз.

ЖИ артықшылығы

Білім беру саласына ЖИ-ді енгізудің басты артықшылықтардың бірі – ұстаздар уақытын үнемдеу. ЖИ арқылы мұғалімнің күнделікті жұмысы едәуір жеңілдейді. Қысқамерзімді сабақ жоспарын әзірлеу, тест құрастыру, эссе тексеру, қосымша оқу материалын дайындау, әр оқушыға жеке бағдарлама ұсыну, кері байланыс тапсырмаларын тексеру, оқушылардың үлгерімін талдау секілді күнделікті міндеттерін ЖИ көмегімен автоматты түрде орындайды. Нәтижесінде мұғалім оқушылармен шығармашылық жұмысқа көбірек уақыт бөледі.

ЖИ технологиясы қашықтан білім беруде тең мүмкіндікке жол ашады. Қашықтан оқыту мен жасанды интеллект технологиясына негізделген «Qazaq Digital Mektebi» жобасының берері мол. ЖИ мен цифрлық шешімдер көмегімен шалғайдағы ауыл оқушыларына сапалы білім алуына жағдай жасалады. Осы жоба аясында мектеп оқушыларының ЖИ-сауаттылығы қалыптасады, мұғалімдердің цифрлық және ЖИ құзыреті артады, әдістемелік материалдар мен онлайн ресурстар баршамызға қолжетімді болмақ. Бұл – сапалы білімге қолжетімділікті арттыратын қадам.

Осы орайда айта кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыруы керек екенін айтқан болатын.

Министрлік президент тапсырмасына сәйкес ЖИ технологиясын мына бағыттар бойынша енгізуді жоспарлап отыр:

  • қауіпсіздік;
  • басқару;
  • оқу процесі;
  • бағалау жүйесі.

Министрлік жоспарына сәйкес, мектептегі буллингті де енді ЖИ камера арқылы бақылап, жауапты органға бірден хабарлап отырады.