Сиыр еті қымбаттады. Енді құс етінің бағасы өсе ме?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
продукты
Сиыр етінің қымбаттауы құс етінің құнына теріс әсер ете ме? / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан базарларында сиыр еті қатты қымбаттап кетті. Осыған орай құс етінің құны көтерілуі мүмкін бе? Бұл сұраққа үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.

«Сиыр еті қатты қымбаттап кетті. Халық енді тауық етін көбірек сатып ала бастайды. Бұл өнім бағасы қаншалықты қымбаттайды деп жоспарлап отырсыздар?» – деп сұрады журналист.

Шаққалиев тауық етінің қымбаттау күтілмейтінін, баға көтерілген жағдайда да қатты көтеріле қоймайтынын мәлімдеді.

«Тұтынушылардың бір өнім түрі қымбаттаған кезде, арзан өнім түріне көшетіні заңдылық. Десе де, соңғы аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының индексі 0,1%-ды құрады. Жалпы қыркүйек айының басынан бері баға индексі небары 0,1% бьолып отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Сол себепті құс етінің бағасы айтарлықтай қымбаттайды деп күтілмейді», – деді министр.

Еске сала кетсек, Қазақстанда сиыр етінің бағасы күрт өсіп, базарлардағы құны 4500-теңгеге дейін жетті. Бағаны реттеу үшін үкімет сиыр етінің экспортына квота енгізді. Ал АШМ бағаның негізсіз өсуіне жол берілмейтінін хабарлады. Министрлік көрші елдермен салыстырғанда бұл өнім түрі айтарлықтай арзан екенін мәдімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз