Бір ай бойы жаңбыр жауады: жайсыз ауа райы астық жинау жұмыстарына кедергі келтіреді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
урожай, Казахстан
Жаңбырлы ауа райы елде астық жинау науқанына кедергі болуы мүмкін / Фото: kursiv.media архив

Жаңбырлы, жайсыз ауа райы биылғы астық жинау жұмыстарына кедергі келтіреді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев айтты.

«Синоптиктердің болжамы бойынша, қыркүйек айының жиырма үшінен отызына дейін еліміздің астық егетін аймақтарында, егін жинау кезінде ауа райы жайсыз болатыны болжанып отыр», – деді вице-министр.

Атап айтқанда, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде осы кезең  бойы жаңбыр күтіледі.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да қыркүйек айының аяғында жаңбыр жауады.

Ал қыркүйектің 23-25 және 27-30 аралығында Қарағанды, Ұлытау облыстарында, 23-25 мен 28-30 аралығында Павлодар облысында жаңбырлы ауа райы сақталады.

«Жаңбыр еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы жерлерде бір ай бойы жиі жаууы ықтимал», – деді Шәрбиев.

Ал қазан айының орташа айлық ауа температурасы қалыпты деңгейде болады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және оңтүстік бөлігінде әдеттегіден жылы ауа райы күтіледі.

Бектенов тапсырмасы

Премьер-министр Олжас Бектенов жауын-шашынға қарамастан, астық жинау жұмыстарын уақтылы жүргізуді, ауа райының өнімге зиян тигізбеуіне жағдай жасауды тапсырды.

«Күннің жауын-шашынды болуы  және күрт суытып кетуі  жұмыстың мерзімі мен  астық сапасына кесірін тигізуі мүмкін. Е-Өтініш бойынша  осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде  500-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі – 300-ден астамы  Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр. Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда. Сондай-ақ  кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі  бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет», – деді Бектенов.

Сондай-ақ премьер-министрі әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, астық кептіру үшін шаруаларға қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырды.

«Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар. Ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына,  астықтың сапасы мен көлеміне  әсер етпеуге тиіс. Экология министрлігі егіншілерге күнделікті ауа райы болжамы туралы ақпарат беріп тұрсын», – деді премьер-министр.

Сондай-ақ оқыңыз