
Home Credit Bank ресми түрде Болат Өтемұратовтың ForteBank-іне сатылды. Бұл ақпарат KASE сайтында жарияланған хабарламадан белгілі болды.
Құжаттарда қаржы ұйымының нақты қандай үлесі ForteBank-ке берілгені көрсетілмеген. Дегенмен, бұған дейін жасалған келісім бойынша сөз 100% акция туралы болып отыр.
2025 жылдың 27 маусымында ForteBank аталған банктің 100% акциясын сатып алу жөнінде принципті келісімге келгені белгілі болды. Ал 2025 жылдың 13 қыркүйегінде Болат Өтемұратовқа бұл банктің ірі жанама қатысушысы болуға АРРФР-дан келісім берілді. Ал ForteBank қаржы ұйымының үлестерін өз құрылымдары арқылы иелену құқығын алып, ресми түрде банктік холдинг мәртебесін иеленді.
Бастапқыда бір банктің екіншісін жұтып алуы жоспарланбаған еді. Алғашқы кезеңде олар параллель жұмыс істеуі тиіс болатын. Алайда кейін ForteBank акционерлер жиналысының күн тәртібіне Home Credit Bank-ті қосып алу мәселесін енгізді.
Бұған дейін Home Credit Bank-тің иесі PPF тобы және оның топ-менеджері Иржи Шмейц арқылы Чехияның ең бай әйелі, бұрынғы топ иесі Петр Келлнердің жесірі Рената Келлнерова болған.
Forbes дерегінше, Келлнерованың байлығы – 19 млрд доллар. Ол әлемдік рейтингте 104-орында тұр. 2021 жылы Петр Келлнер Аляскада тікұшақ апатынан қаза тапқан еді.
Мұның алдында ForteBank 4 млн теңгеге жуық дивиденд алатын акционерлерін таппаған еді.