
KEGOC Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын ескере отырып, электр желілерін жаңғыртуды бастады.
Бұл туралы компанияның стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Эльвира Қонақбаева Kursiv Infrastructure Forum аясында айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын желілердің өткізу қабілеті 2035 жылға дейін жаңа станциялар есебінен артады. Қазірдің өзінде кейбір жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, 2027 жылға дейін оңтүстік аймақтың желілері қосымша 440 МВт қуат алмақ.
Сондай-ақ, KEGOC батыс өңірдің энергия жүйесін елдің бірыңғай электр жүйесіне қосуды қолға алды. Бұл жұмыс аяқталғанда, өткізу қабілеті 500 МВт-қа өсіп, Маңғыстау мен Атыраудағы тұрақсыздық мәселелері азаяды.
2025 жылы жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі Қазақстандағы электр өндірудің 6,8%-ы болады. Ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 14 ГВт-қа дейін өсіп, жалпы генерациядағы үлесі 27%-ға жетпек.
Астана қаласында да энергия тұтыну жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан KEGOC елордада да тиімділікті арттыруға бағытталған жобаларды дамытпақ.
Қазақстандағы алғашқы АЭС Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында, Балқаш көлінің жағасында салынып жатыр. Жобаны ресейлік «Росатом» басқаратын консорциум жүзеге асырады. АЭС-тің қалай аталатыны қазан айында белгілі болады.