Жаңалықтар

Алаяқтар Ozon мен Wildberries-ке жұмысқа шақырып алдауға көшті

Фото: ашық дереккөзден

Алаяқтар Ozon мен Wildberries тәрізді платформалардың атын жамылып, жұмысқа шақырып жатыр. Whatsapp қолданушылары арнайы хабарламалар келіп жатқанын жазады.

Хатта белгісіз нөмерден хабарласқан адам OZON компаниясындағы қызметкерлерді таңдау бөлімінің жетекшісі ретінде таныстырады. Жаңа командаға адам жинап жатқанын айтады. Жұмыс онлайн, күніне бар болғаны 30-60 минут. Күн сайын 20-50 мың теңге аралығында табыс табуға болады деген уәде береді.

Жұмыс жайлы толығырақ білу үшін хабарламаға келген сілтемеден өту керек.

Фото: whatsapp-тан скрин

Бірақ OZON ешқашан мұндай әдіс ұсынбайтынын хабарлайды.

«Ozon Қазақстан қызметкерлері ешқашан мұндай ақпаратты өз атынан таратпайды және осындай табыс табу тәсілдерін ұсынбайды. Егер сіз бейтаныс адамнан күмәнді хабарлама алсаңыз, қолдау чатына жүгініңіз. Сондай-ақ, қолданушыларға хабарлама жіберушінің аккаунтына назар аударуды және ресми ozon.kz сайтынан сәл өзгеше болып көрінетін сілтемелерге ешқашан өтпеуді ұсынамыз», – деп жазылған компания жауабында.

Алаяқтар азаматтарды құрығына түсіру үшін түрлі айланы пайдаланады. Ішкі істер министрлігі алаяқтар ең көп қолданатын сөздер мен алдау тәсілдерін саралап, кең танылған 10 айла түрін жинақтады. Толығырақ мына жерден оқуға болады.