Жаңалықтар

Белгілі боксшы Серік Қонақбаев АХҚО-да холдингтік компания құрды

Фото: ашық дереккөзден

Олимпиада-80-нің күміс жүлдегері, қазақстандық боксшы Серік Қонақбаев Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында холдингтік компанияны тіркеді. Бұл туралы алғаш болып Finmentor арнасының авторы Арман Батаев хабарлады. 2025 жылдың мамырында Қонақбаев алғаш рет Forbes Kazakhstan тізіміне еніп, 73-орынға тұрақтаған еді.

Олимпиада жүлдегерінің компаниясы
KazCore Energy Ltd. компаниясы АХҚО алаңында 18 қыркүйекте құрылды. Оның құрылтайшылары – Серік Қонақбаев пен Triple A Holding Ltd. компаниясы. Соңғысы АХҚО-да бір күн бұрын, 17 қыркүйекте тіркелген.

Екі компанияның да негізгі қызмет саласы – холдингтік қызмет. Сондай-ақ екеуін де Серік Қонақбаевтың ұлы Аманат Қонақбаев басқарады. Акционерлік капитал көлемі бірдей – 100 мың теңге.

Серік Қонақбаев – 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының жүлдегері және Еуропаның екі дүркін чемпионы. 1999–2011 жылдары ол Жамбыл облысынан Мәжіліс депутаты болып сайланған. Оның боксшыдан Forbes тізіміне дейінгі жолы туралы мына жерден оқуға болады.