Жаңалықтар

Қазақстандағы миллиардерлер қандай спортты қолдайды

Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы спорт федерациялары тек бюджеттен ғана қаржыландырылмайды. Танымал бизнесмендер, Forbes тізіміндегі миллиардерлер де демеуші болады. Жылына спортшылардың жарысқа қатысуына, жүлделеріне деп миллиондаған қаражат салады. Осы меценат бизнесмендер жайлы Kursiv Media-ның бүгінгі материалында ұсынамыз.

Қайрат Боранбаев

«Қайрат» футбол клубы Чемпиондар Лигасына шыққаннан кейін Боранбаевтың «өткені ұмытылып», халықтың қошеметіне бөленді.

Қайрат Боранбаев «Қайрат»футбол клубын 2012 жылы сатып алды. Ол басқаратын «ҚазРосГаз» клубтың 70%-ын, ал әкімдік 30%-ын иеленді. Сол уақыттан бері клуб үлкен трансформациядан өтті. Басшылық чемпиондарды өз ішінен тәрбиелеп шығаруға күш салды. Жаңа даму бағдарламалары жасалды, инфрақұрылымды дамытты.

2013 жылы «Қайраттың» С.Квочкин атындағы балалар академиясы, 2014 жылы Тимур Сегізбаев атындағы жасөспірімдер академиясы, 2017 жылы Евстафия Пехленваниди атындағы жастар академиясы ашылды. Үшеуі де кеңес кезінде «Қайрат» сапында ойнаған даңқты футболшылар. Осылайша клуб өз ойыншыларын, өз жаттықтырушыларын дайындауға көшті. Боранбаевтың бұл «революциясы» 13 жылдан кейін ғана жемісін берді.

«Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасына шықты. Команданы алып шығарған жаттықтырушы Рафаэль Уразбахтин клубтың өз мектебінен өткен. «Спортингпен» ойыннан кейін еуропалықтардың көзіне түскен қақпашы Шерхан Қалмұрза, Темірлан Анарбековтер – «Қайрат» академиясының түлектері. Тағы бір жұлдызды шәкірті Дастан Сәтпаев «Челсимен» келісімшартқа отырды.

Тимур Турлов

Forbes Kazakhstan тізімінде екінші орынды иеленетін миллиардер Тимур Турлов – Қазақстандағы шахмат федерациясының президенті. Шахмат ойнағанды жақсы көретін бизнесмен осы ойынның насихатшысына айналды.

Соңғы бір жылда ол шахмат федерациясын дамытуға 11 млн қаржы бөлген. Ақша шахматты жарнамалау, турнирлер өткізу, дайындық лагерьлерін ұйымдастыру тәрізді шараларға жұмсалған.

Турловтың бұл саладағы жоспарлары да үлкен. Елде бастауыш мектептерде шахмат пәнін енгізу үшін кадрлар дайындауға ниетті. Шахмат секцияларын 7000-нан 14 мыңға дейін көбейтуге уәде берді.

Миллиардер тек шахмат қана емес, балалар футболына да қолдау көрсетіп жатыр. Осы жылы жазда Қарағандыдағы футбол қауымдастығының президенті болып сайланды. Сол өңірдегі футбол академиясын дамыту үшін 12 млрд теңге бөлуге дайын.

2024 жылдан бастап Freedom-ның демеушілігімен жасөспірімдер арасындағы QJ лигасы өткізіліп тұрады.

Тимур Құлыбаев

Экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев бір емес, бірнеше спорт саласына кірген. Он жыл Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болды. Былтыр ақпанда бұл қызметте оны Геннадий Головкин алмастырды. Олимпиада комитеті (ҰОК) – спортты қаржыландырудағы шешуші рөл ойнайтын ұйымның бірі еді.

2022 жылға дейін бюджеттен спортқа бөлінетін миллиард қаржыны дәл осы Құлыбаев басқаратын комитет бөлетін. Ал спорт министрлігі тек тапсырыс берушінің рөлін атқаратын. 2022 жылы комитеттен ол қызметті алып тастады. Сол кезде БАҚ комитеттен маңызды функцияны алып тастауы спорттың жетістіктердің азаюымен байланысты деп жазған еді.

Құлыбаев 2009-2019 жылдары бокс федерациясының да президенті болды, кейін оны тағы бір бизнесмен Кеңес Рақышев алмастырды. 2018-2023 жылдары гольф федерациясы президимуы құрамында болды.

Қазір Құлыбаевқа тиесілі «Halyk» қоры AUYL SPORT жобасын қаржыландырады. 2024 жылдардан бастап ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа тарту үшін бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен турнирлер ұйымдастырады. Жоба жетекшілерінің сөзінше, кемінде 500 млн теңге қаржы бөлінген.

Кеңес Рақышев

Кеңес Рақышев –  Forbes тізіміндегі миллиардер бокс пен дзюдоға демеушілік етеді.

2012 жылы ол дзюдо федерациясының президенті болып сайланды. Оның демеушілігімен Алматыда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Дзюдо академиясы ашылды. Құрылысы үш жылға созылған нысанған Рақышев 2,5 млн доллар жұмсаған.

2019-2024 жылдар аралығында миллиардер бокс федерациясының президенті болды. Бұл қызметте жүлдегерлер мен оның жаттықтырушыларына қомақты сыйақы таратуымен есте қалды. 2021 жылы Токио Олимпиадасының жеңімпаздары үшін сыйақы қорын құрып, оған жеке қаржысынан 100 мың доллар салды. 2023 жылы бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздарына 600 мың доллар сыйлады.

Айдын Рахымбаев

Айдын Рахымбаев – Ironman, «Дакар» раллиінің қатысушысы және Fоrbes тізіміндегі миллиардер. Басқа дәулеттілермен салыстырғанда спортпен кәсіби түрде айналысып жүрген бизнесмен. Рахымбаев 2015 жылы әйгілі «Дакар» раллиіне қатысты. Бұл экстремалды сынаққа қатысушылар мотоцикл, жеңіл көлік немесе жүк көлігімен мыңдаған шақырымға созылған құмды шөлді кесіп өтуі керек. Осы сайыста Рахымбаев командасы алғашқы ондықтан көрінді.

2017 жылы миллиардер алғаш рет қазақстандықтар атынан Ironman Әлем чемпионатына қатысты. Бұл бәсекеге қатысушылар 3 шақырым жүзіп, 180 шақырымды велосипедпен және 42 шақырымды жаяу жүгіріп өтуі керек.

Рахымбаев елдегі триатлон насихатшысына айналды. Оның себепкер болуымен Астанада Ironman Kazakhstan триатлонынан жарыс тұрақты түрде өтетін болды. Тіпті 2016 жылы Bi Group қалаға арнап триатлон бағын салды.

Болат Өтемұратов

Forbes тізіміндегі кезекті миллиардер Болат Өтемұратов – үлкен теннис қолдаушысы, 2007 жылдан бері Қазақстандағы теннис федерациясының президенті. Ашық деректерге сүйенсек, бұл спортқа Өтемұратов 150 млн доллар инвестиция салды. Елде теннис орталықтары салынды, қазақстандық спортшылар ірі халықаралық турнирге қатысуына жол ашылды.

Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева , Бейбіт Жұқаев, Әмір Омарханов тәрізді спортшылар әлемдік сайыстарда топ жарып жүр.

Алматыда ATP 250 деңгейіндегі ТМД-дағы алғашқы Almaty Open турнирі тұрақты өтетін болды. 2019 жылы теннис федерациясының ұйымдастыруыменАстанада қайырымдылық матч өтіп, әлемнің үздік теннисшілері Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичтің кездесті.

Forbes тімізіндегі миллиардерлер спортқа миллиондаған қаражат салғанмен, ақшаның толыққанды тиімді жұмсалып жатқанына күмән бар.  Sportradar спорттық сараптама компаниясының мәліметінше, Қазақстан спорт саласын жемкорлық жайлаған елдердің ондығына енді.