Ресей Иранға да АЭС салып береді

Иран мен Ресей жаңа АЭС құрылысы жөнінде келісімдерге қол қояды. Жобаны іске асыруға қажетті барлық келіссөз бен зерттеу толық аяқталды деп хабарлайды Press TV.
Иран Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Эслами Ресейге сапары барысында Иранда жаңа атом электр станцияларын салу жөнінде келісімдерге қол қойылатынын растады. Эслами бастаған делегация 25-29 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік атом энергетикасы апталығына қатысу үшін Мәскеуге барды.
Эсламидің айтуынша, Иран мен Ресей арасындағы келісімшарт сегіз жаңа АЭС салуды қарастырады, оның төртеуі Бушерде орналасады. Ол қалған станцияларды салу жөнінде Ресей жағына хабарланатынын айтты. Иран тарапының мәліметінше, қазір құрылысқа арналған орындар да таңдалып дайындалған.
Келісімге қол қойылғаннан кейін, Эсламидің сөзінше, жобалау мен инженерлік жұмыстардың пайдалану кезеңі басталады.
Еске салайық, Ресей Қазақстандағы алғашқы АЭС салуға да қатысады.