Ресей кеденшілері Қазақстаннан келген көліктен 34 дрон мен барлау аппаратын тапты

Самара кеденшілері Башқұртстанға бет алған «Газель» көлігін тексеру кезінде бөлшектелген күйде 34 БПЛА және бір квадрокоптерді (DJI Mavic) қашықтан басқару пультімен бірге анықтады деп жазады «ФТС России» телеграм арнасы.
Көлік Қазақстаннан келген. Оны «Сагарчин» маңында мобильді топ қызметкерлері тоқтатқаннан кейін тексерілген. Тексеру барысында нақты уақыт режимінде бейнежазба беруге арналған камералармен жабдықталған FPV-дрондар , сондай-ақ екі FPV-қанат «Ключ-Фортуна» табылды. Бұл дрондар жөніндегі мәліметтер тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілмеген.
Жүкті алып жүрген ер адам дрондардың өзіне тиесілі екенін және оларды жеке бейнежазбаға қолданатынын айтқан. Алайда кеден органдары мұндай көлемдегі дрондар жеке мақсатқа арналмағанын және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Алдын ала сараптама қорытындысына сәйкес, екі құрылғы – 5 келіге дейінгі жүкті тасымалдауға бейімделген ұшақ үлгісіндегі БПЛА, біреуі – барлау типіндегі дрон, ал қалған жиынтықтар 32 шағын ұшқышсыз аппарат құрастыруға мүмкіндік береді. Қазір тауар тәркіленіп, сараптама тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр
Осы жылы жазда Украина Ресей жерінде «Өрмек» операциясын жүзеге асырды. Киев дрондар арқылы ресейлік әуежайлардағы ондаған ұшақтарды зақымдады. Осыдан кейін Ресей шекарадағы бақылауды күшейтті.