Теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға 5 млрд доллар инвестиция салынды

Қазақстан теміржол саласы соңғы жылдары жаңа даму кезеңіне өтті. 2022 жылдан бастап «ҚТЖ» жалпы ұзындығы 4600 шақырым болатын 12 ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Kursiv Infrastructure Forum-ға қатысқан Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұржан Келбұғанов айтты.
Спикердің сөзінше, жобалардың жалпы құны шамамен – 5 млрд доллар. Оның ішінде тек бір жоба Ұлттық қор есебінен қаржыландырылса, қалғандары компанияның өз қаржысы мен мемлекеттік кепілдікпен алынған қарыз қаражаты арқылы жүзеге асады.
Қазірдің өзінде халықаралық сарапшылар елдің транзиттік әлеуетін жоғары бағалап отыр.
«Халықаралық консалтингтік компаниялардың бағалауынша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті шамамен 100 млн тоннаға жетуі мүмкін. Алдағы 6–7 жылда транзит көлемі 3,5 есеге өседі деген болжам бар. Сарапшылардың айтуынша, транзиттік тарифтер ішкі экспорт-импорттық тарифтерден 5–6 есе қымбат, бұл қарыз жүктемесін толық жабуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, транзиттен түсетін табыс мемлекет субсидиялайтын жолаушы тасымалы шығындарын теңгеруге және экспорт-импорттық тарифтердің өсуін ұстап тұруға ықпал етпек», – деп атап өтті Нұржан Келбұғанов
Ол Ақтөбе облысын Батыс өңірмен байланыстыратын учаске елдің экспорттық әлеуеті үшін маңызды екенін тілге тиек етті. Тек өткен жылы осы бағытпен 1 млн тонна астық тасымалданған. Жақын арада бұл жол учаскесі жаңартылып, өткізу қабілеті 2–2,5 есеге артады. Сондай-ақ, жаңа құрылыстар Транскаспий бағытына қызмет етумен қатар, көмір экспорты үшін де шешуші рөл атқарады.
Спикердің болжамынша, қолға алынған жобалар Қазақстанның көлік инфрақұрылымына кемінде 20–25 жылға сенімділік пен қуат береді.