
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы Достық – Мойынты теміржол бағытының екінші жолдарын кезең-кезеңімен іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл Қытай мен Еуропа арасындағы жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «ҚТЖ» құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Есқалиев Kursiv Infrastructure Forum барысында мәлімдеді.
«Достық – Мойынты учаскесінде жүк қозғалысы біртіндеп, учаскелер бойынша іске қосылып жатыр. Биыл құрылыс толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Басты міндетіміз – осы екінші жолдарды транзиттік пойыздар қозғалысына пайдалану мүмкіндігін беру, өткізу қабілетін арттыру», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл ауқымды жоба қазақстандық компанияның қатысуымен жүзеге асырылуда, ал жергілікті қамту деңгейі 85%-ды құрайды. Атап айтқанда, Достық – Мойынты бағытындағы жолдың барлық үстіңгі құрылысы (рельстер, шпалдар және т.б.) отандық материалдардан салынған.
Оның айтуынша, бұл жоба қазақстандық кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттырып, жаңа технологиялық құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру барысында ұзындығы жүздеген метр болатын ондаған көпір, автокөлік өткелдері мен өзге де инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр. Бұл нысандар негізінен жартасты және ылғалды жерлерде бой көтеруде.
Есқалиевтің айтуынша, мұндай жобаны салудың нормативтік мерзімі кемінде 5-6 жылды құрайды. Алайда 2023 жылы басталған жоба 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде Достық – Мойынты учаскесінің өткізу қабілеті 12 пойыз жұбынан 60 жұпқа дейін өседі.
Сондай-ақ, «ҚТЖ» өкілі Дарбаза – Мақтаарал теміржолының салынуы нәтижесінде бұрын тек Өзбекстан аумағы арқылы ғана жүк пен жолаушы тасымалдай алған елді мекендер тікелей Қазақстан ішіндегі теміржол қатынасымен қамтылатынын айтты.