Энергетика, жол, мектеп: Қазақстанның инфрақұрылымы қалай дамып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Инфрақұрылымға салынған инвестиция Қазақстанның экономикалық дамуын жақсартуға көмектеседі / Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін 450 миллиард долларға дейін екі есеге ұлғайту міндеті экономикаға инвестицияларды ұлғайту есебінен жүзеге асырылады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Kursiv Infrastructure Forum барысында айтты.

«2029 жылға дейін ЖІӨ-ні екі есеге көбейту —450 млрд-қа жету деген сөз. Негізгі кедергі — ЖІӨ-ге шаққандағы инвестицияларды көбейту. Мемлекет басшысының жолдауында екі жыл бұрын айтылғандай, экономикалық өсім үшін инвестициялар қажет, және олардың көлемі ЖІӨ-ге шаққанда шамамен 15% деңгейінде… 15% дәл осы ЖІӨ-нің екі есеге өсуіне кедергі болуы мүмкін», — деді ол форумда.

Касеновтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған тапсырмасын орындау үшін Қазақстан 2029 жылға дейін экономиканың ішкі және сыртқы инвестицияларын 2024 жылғы 41 миллиардтан 100‑105 млрд-қа дейін жеткізуі қажет.

«ЖІӨ-ні екі есе арттыру үшін біз инвестициялар көлемін ЖІӨ-нің 15%-ынан 23%-ына дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл – инвестициялар ЖІӨ өсімінен де көбірек болуы тиіс деген сөз. Жай есеппен айтсақ, былтыр инвестициялар көлемі 41 миллиард долларды құраса, 2029 жылы ол 100–105 миллиард долларға жетуі керек. Яғни қосымша 60 миллиард доллар инвестиция қажет», – деді вице-министр.

Бұл инвестицияның бір бөлігі инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Вице-министр Касеновтың айтуынша, энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба нәтижесінде алдағы алты жылда инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 35–40%-ға дейін төмендейді.

Инженерлік инфрақұрылымның тозуы және тариф мәселесі

«Қазіргі таңда жылу жүйелерінің орташа тозу деңгейі — 53%, ал 22 монополист бойынша бұл көрсеткіш 65%-дан 90%-ға дейін жетеді. Электрмен жабдықтау саласында жағдай тіпті нашар — орташа тозу деңгейі 62%, ал 18 монополист бойынша 70%-дан 97%-ға дейін. Ал кәріз жүйелерінде бұл көрсеткіш тиісінше 39% және 54%», — деді Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов.

Оның айтуынша, ел бойынша 200 табиғи монополия субъектісін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмысқа 13 трлн теңге бөлінбек, оның 6,8 трлн теңгесі инженерлік желілерді жаңартуға бағытталады. Вице-министр бұл соманың көлемі үлкен көрінгенімен, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ 160 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отырғанын еске салды.

Сонымен қатар, Қасенов тарифтердің өсуі айтарлықтай болмайтынын айтты.

«Біз тарифтерді қаншалықты көтеру қажет екенін есептедік. Алты жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізілетін бұл өсім — аса жоғары емес. Бұл — мемлекет үшін аса қажет үлкен жаңғыртуды тұрғындарға ауыр салмақ салмай-ақ жүзеге асыруға болатынына оң белгі», — деді ол.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту: тарифтерге жүктемені азайту жолдары

Несие бойынша пайыздық мөлшерлемелердің коммуналдық тарифтерге әсерін азайту үшін мемлекет олар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға дайын.

Алайда жобалардың негізгі қаржыландырылуы монополистердің өз қаражаты мен тартатын несиелері есебінен жүзеге асады. Энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындардың иелері екінші деңгейлі банктерден несие ала алады. Бұған қоса, электр станциялары Қазақстанның Даму Банкі секілді даму институттарынан 20 жылға қаржы тартуға үміт арта алады. Бұл инвестициялардың тарифтердің өсуіне әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Арман Касеновтың айтуынша, әлемде коммуналдық жобалар өзі өтелетін инвестициялар қатарына жатады. Сондықтан жобалардың иелері нарықтан қаржы тарта алады. Вице-министрдің пікірінше, инфрақұрылымды жақсарту ЖІӨ-ні екі еселеуге тікелей кепіл болмаса да, экономикалық өсімге қажетті жағдайды қалыптастырады. Оның айтуынша, бұл салаға инвестиция салу — альтернативасыз таңдау.

Коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымнан бөлек, теміржол тасымалдарын дамытуға да инвестиция жалғасады. Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұржан Келбұғанов бұл бағытта жүк транзитінің өсуі маңызды рөл атқаратынын айтты. Өйткені «Қазақстан Темір Жолы» осы салада нарықтық тариф қою құқығына ие, ал бұл өз кезегінде ішкі жүк және жолаушы тасымалын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл секторда тарифтерді үкіметтің өзі тежеуде.

«Қазақстан Темір Жолының белгілі бір қарыздық жүктемесі бар, бірақ транзиттік жүктің өсуі есебінен бұл қарыздар өтеледі», – деді ол форум барысында.

ҚТЖ транзит есебінен қарыздық жүктемесін жаба алады — Келбұғанов

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясының белгілі бір қарыздық жүктемесі бар, бірақ бұл жүктеме транзиттік жүктің күтілетін өсімі есебінен өтелетін болады», – деді Нұржан Келбұғанов Kursiv Infrastructure Forum-да сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, 2022 жылдан бері Қазақстанда жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымды құрайтын 12 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаларға жалпы құны 5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. Соның ішінде Достық-Мойынты бағыты Ұлттық қор қаржысы есебінен, ал қалған жобалар «Самұрық-Қазына» қорының кепілдігімен КТЖ-ның өз және заемдық қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бұл жобалар ел арқылы өтетін транзит көлемінің өсуіне байланысты қолға алынған.

Келбұғановтың айтуынша, PricewaterhouseCoopers консалтинг компаниясының болжамына сәйкес, алдағы 6-7 жылда Қытай мен Еуропа арасындағы транзит көлемі 3,5 есе артады. Яғни транзит жылына 100 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін.

ҚТЖ шетелдік жүк жөнелтушілерден транзит үшін ішкі тасымалдарға қарағанда 5-6 есе көп кіріс алады. Бұл компанияға қарыздық міндеттемелерін толық жабуға, сондай-ақ экспорттық-импорттық бағыттардағы тарифтердің өсуін тежеуге мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, Қазақстан өңірлері арасындағы теміржол қатынасы тек өзара байланысты жақсартып қана қоймай, ел өнімдерінің экспортын арттыруға да ықпал етеді. Мысалы, Ақтөбе облысы мен батыс өңірлер арасында 1 млн тоннадан астам астық тасымалданған. Комитет басшысы енді бұл бағыт жаңғыртылып, өткiзу қабілетi 2,5 есеге дейін артатынын айтады.

Білім саласындағы инфрақұрылым

Сонымен қатар, жаңа мектептер салу қажеттілігі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл демографиялық өсім жағдайында өзекті мәселе болып отыр, өйткені елде апатты жағдайдағы мектептер әлі де бар. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Әділбек Мұсабаевтың айтуынша, жыл соңына дейін 232 жалпы білім беретін мектеп ашу жоспарланып отыр.

«Тәуелсіздік жылдары елімізде небәрі 2 200-ден сәл астам мектеп салынды. Биыл 200-ден астам мектеп салынып жатыр, оның 112-сі – жайлы мектептер. Жыл соңына дейін шамамен 232 мектеп салынып бітеді. Ал соңғы 5 жылда 1 370 мектеп бой көтерді. Бұл – тәуелсіздік жылдарында салынған мектептердің 60 пайыздан астамы», – деді ол форумда.

Әділбек Мұсабаевтың болжауынша, үш ауысымды мектептер мәселесі 2026 жылға дейін толық шешіледі, ал апатты мектептер саны 70%-ға қысқарады. Оның айтуынша, жаңғыртудан кейін апатты мектептердің басым бөлігі ауылдық жерлерде қалуы мүмкін. Бұл мәселе 2026–2027 жылдары жергілікті бюджет пен Білім беру бастамаларын қолдау қорының қаражаты есебінен кезең-кезеңімен шешіледі.

Ал Дүниежүзілік экономика және саясат институтының директоры міндетін атқарушы Жұмабек Сарабеков Қазақстанға трансшекаралық жобалар да әсер етіп жатқанын айтты. Мысалы, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында инфрақұрылым саласына 1 трлн доллардан астам инвестиция тартылған. Сарабековтың пікірінше, бұл – қаржыландыру бойынша қазіргі таңда баламасы жоқ жоба, себебі қаражат артық бюрократиясыз бөлінеді.

Kursiv Infrastructure Forum — Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобалар мен инвестициялар жөніндегі стратегиялық диалогқа арналған алғашқы тәуелсіз алаң. Форумды Kursiv.media командасы ұйымдастыруда және саланың негізгі өкілдерін тәжірибе, идея және шешім алмасу үшін біріктіруді мақсат етеді.

Сондай-ақ оқыңыз