Жаңалықтар

Түркістан облысының ауылында қоқыс полигонынан шыққан иістен ауру тарап жатыр

Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде мал бордақылау орталықтары бар. Одан шыққан қан мен сойылған малдың ішек-шабағы, басы,терісі мен тұяғы сияқты қалдықтары 3 жылдан бері ауыл шетіндегі арнайы орынға тасталады. Ал одан шыққан иіс айналасындағы бірнеше ауылға тарайды. Қолқаны қабатын иістен ауыл тұрғындары мезі болған. Олар қоқыс алаңын жабуды талап етеді.

Ауыл маңындағы полигон

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы мен Көлкент ауылының тұрғындары мүңкіген иістен мезі болған. Ділмұрат Райымқұловтың айтуынша, ауыл шетіндегі полигонға сойылған малдың қаны мен терісі, басы пен тұяғы тасталады. Одан шыққан иістен демалу мүмкін емес.

Фото: Дилара Иса

«2-3 жылдың ішінде ауылда ауа жоқ. Сасық иістен демала алмайсың. Қарабұлақ ауылдық округінің әкіміне мәселені шешіп беріңіз деп бардық. Қолын сілтеп шығарып салды. Полигон жеке кәсіпкердің иелігінде екен. Бұл заңбұзушылық. Жер қойнауын бүлдіріп жатыр. Қоқысты өңдеп жатқан жоқ. Малдың сүйегі, тұяға сыртта жатыр. Ал оның иісі қолқаны қабады», – дейді ол.

Райымқұлов мал қаны жерге сіңеді, ал ауылға ауызсу жақын маңнан алынады деп отыр. Мүңкіген иістен түрлі ауру пайда болған. Бұл туралы облыстық прокуратура, облыстық экология департаментіне шағымданған. Бірақ қайыр болмаған.

Полигонға ең жақын орналасқан Қарабұлақ ауылында 60 мыңға жуық, ал Көлкентте 23 мыңнан аса адам өмір сүреді. Мал қалдығы мен қаны төгілетін орын Қарабұлақ ауылы мен Көлкент ауылының іргесінде орналасқан. Арақашықтығы шамамен бір шақырымға жетпейді. Полигонда мал сүйегі шашылып жатыр. Ұйыған қан іздері көрінеді. Қара қарға қаптап жүр. Полигонға жақындаған сайын сасық иіс жүректі айнытады.

«Жаздыгүні қаптаған шыбыннан көз аша алмайсың»

Полигоннан шамамен 15 шақырым қашықта орналасқан Теспе ауылының тұрғыны Жасұлан Әбубәкірдің сөзінше, жаздыгүні мұнда келу мүмкін емес. Қаптаған шыбыннан көз аша алмайсың. Ал иісінен жүрегің айнып тұншығасың.

Фото: Дилара Иса

«Бұл бірнеше жылдан бері айтылып, жауыр болған мәселе. Мұнымен облыс әкімдігі де таныс. Малдың сүйектерін тастамасын, қанын төкпесін дедік. Бірақ ешкім тыңдамады. Бұл жерден шыққан иіс біздің ауылға Теспеге дейін барады. Міне, көріп тұрсыз шыбын-шіркей жүр. Бұлар ауылға барып, тамаққа қонады. Соның кесірінен иіске уланудан бөлек, түрлі инфекциялық тері аурулары пайда болып тұр. Жаздыгүні бұл жерге келе алмайсың. Аузыңды ашсаң шыбын кіреді, иісінен құсып өле жаздайсың. Мал қанын көме салады. Залалсыздандыру деген жоқ. Бәрі көзбояушылық», – дейді Әбубәкір.

Тұрғындардың шағымымен Сайрам ауданы әкімдігі хабардар. Десе де, бұл орынды жабу әзірге мүмкін емес екенін айтады. Әкімдік мал қалдықтарын топырақпен ғана жабатынын мойындайды. Ал залалсыздандыруға бюджеттен ақша қарастырылмағанын алға тартады. Ауыл әкімі оны басқа жерге көшіру мәселесі жақын арада шешілмейді деп отыр.

«Өкінішке қарай, Қарабұлақ ауылдық округінде елдімекеннен ұзақ жер жоқ. Көлкент тиіп тұр. Арыс ауылдық округі тиіп тұр. Халық арасы тығыз. Арақашықтықты сақтап иісі келмейтіндей бізде жер жоқ. Қарабұлақ ауылдық округінің аумағы бар болғаны 10 мың гектар жер», – дейді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Кәмілжан Әбділахатов.

Әкімнің сөзінше, қоқыс алаңын Сайрам ауданы мен Бәйдібек ауданымен шекаралас аймаққа көшіру жоспарланған. Онда инфрақұрылым тарту ісі басталған. Бірақ та палигонды көшіру уақыты нақтыланбаған.

Ресми мәлімет бойынша, Қарабұлақ ауылдық округінде күніне 500 ге жуық қара мал, дәл осы мөлшерде уақ мал сойылады.