Атырау облысында ер адамға сталкинг бабымен қылмыстық іс қозғалды (видео)

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ер адам ауыл тұрғынын аңдып, үйінің ауласына кірген/коллаж kursiv.media

Атырау облысында алғаш рет сталкинг бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» хабарлады.

Құрманғазы ауданында күдікті ауыл тұрғынын аңдып, үйінің ауласына кіріп, терезеден қараған әрі бейәдеп әрекеттер жасаған. Оның ішінде аулада ішкиімсіз жүрген. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп, кейін мессенджерде тараған.

Бұл жағдай 19 қыркүйекте болған. Алғашында іс «ұсақ бұзақылық» ретінде бағаланып, құқық бұзушы 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Алайда қосымша дәлелдер ұсынылғаннан кейін оның әрекеті қылмыстық кодекстің жаңа 115-1-бабы «Сталкинг» бойынша қайта сараланды.

Айта кетейік, сталкингке қатысты бап 16 қыркүйектен бастап күшіне енді. Ол бойынша 200 АЕК-ке дейін (780 мың теңгеден астам) айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Сталкинг деген не?

Сталкинг – адамның психологиялық жағдайына айтарлықтай зиян келтіретін, бірақ зорлық-зомбылық қолданбайтын тұрақты түрде қудалау және бақылау әрекеттерін білдіреді. Мұндай әрекеттерге адамның жеке шекарасын бұзу, еркінен тыс оны аңду, қайта-қайта телефон шалу немесе интернет арқылы бақылаумен қорқыныш немесе уайымға салу жатады.

Сондай-ақ оқыңыз