
Қазақстан соңғы жылдары туризмге бөлінген бюджет шығынын арттырып келеді. 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында туризмді дамытуға 8,4 млрд теңге жұмсалды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43%-ға жоғары. Айта кетсек, екі жыл қатарынан шығындар екі таңбалы қарқынмен өсіп отыр: 2023 жылдың алғашқы сегіз айында өсім 30%-ды құраған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің дерегіне сүйене отырып DATA HUB телеграм-арнасы жазады.
Бюджет шығынының басым бөлігі туристік қызметті реттеуге кеткен. Бұл бағыт дәстүрлі түрде туризмді дамытуға бөлінетін қаржының шамамен екіден бірін қамтиды. 2025 жылғы қаңтар–тамыз аралығында осы мақсатқа 5,4 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артық.
Дегенмен, бұл қаржының нақты қандай жобаларға жұмсалатыны ашық көрсетілмеген. Қаржы министрлігінің есептерінде шығынның егжей-тегжейі берілмейді. Соған қарамастан, ресми дереккөздерге сүйене отырып, қаражат көрме, фестиваль, пресс-тур, туризм инфрақұрылымын дамыту, гидтерді оқыту және жарнамалық кампанияларға бағытталатынын болжауға болады.
Туристік қызметті реттеуге бөлінген қаржының елеулі бөлігі Алматы мен Астана үлесіне тиіп отыр. Алматыда бұл бағыттағы шығындар 2,1 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 42%-ға артқан. Астанада – 2 млрд теңге, өсім 17%-ды құрады. Алматыда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында туристерді орналастыру саласындағы қызметтердің көлемі 50,1 млрд теңгеге жеткен.
Жергілікті органдар мен имидждік жобалар
Туризмді дамытуға жауапты жергілікті атқарушы органдардың шығыны да айтарлықтай ұлғайды. Бұл көрсеткіш бір жылда 72%-ға өсіп, 1 млрд теңгеге жеткен. Мұнда мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы, әкімшілік ғимараттарды ұстау, коммуналдық төлемдер және басқа да ағымдағы шығындар кіреді.
Сонымен бірге Қазақстанның туристік имиджін қалыптастыруға бөлінген қаражат 0,9 млрд теңгеге жетіп, 49%-ға артты. Бұл бағыттағы қаржы халықаралық форумдар, көрмелер, шетелдегі роад-шоулар мен маркетингтік науқандарға жұмсалуы ықтимал.
Туризм саласындағы кәсіпкерлердің шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған қаржы да өсті: 0,7 млрд теңге (+28% жылдық өсім). Ал Щучинск–Бурабай курорттық аймағының туристік имиджін қалыптастыруға жеке бағыт ретінде 0,4 млрд теңге жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға көп.
Бюджеттегі үлесі әлі де аз
Қаржы көлемінің қарқынды артуына қарамастан, туризм шығындарының мемлекеттік бюджеттегі үлесі өте аз күйінде қалып отыр. 2025 жылдың қаңтар–тамызында бұл көрсеткіш жалпы бюджет шығындарының небәрі 0,04%-ын құрады. Өткен жылы ол 0,03% болған.