Дата-орталық China Mobile International желісіндегі бұлтты торапқа айналды

Жарияланды
Akashi Data Center
Фото: Akashi Data Center

Қазақстан алғаш рет China Mobile International (CMI) компаниясының ғаламдық картасына енгізілді. Ал Akashi Data Center Орталық Азиядағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға арналған стратегиялық алаңға айналды. Бұл туралы Астанада өткен CMI конференциясында белгілі болды.

CMI өкілдері компания Akashi-дің Tier IV деңгейіндегі (100 МВт) қуаттылығын операторлар мен мемлекеттік құрылымдардың AI-жүктемелерін қамтамасыз ету үшін тірек алаң ретінде пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты.

Akashi Data Center бас директоры Владислав Минкевич MI-мен әріптестік Қазақстан үшін маңызын түсіндірді:

«Бүгін біз маңызды қадам жасадық — Akashi алғаш рет жаһандық бұлт картасында халықаралық мойындауға ие болды. Қазақстан үшін бұл елдің Орталық Азиядағы цифрлық хаб ретінде орныға бастағанын білдіреді, ал Akashi үшін — әлемдегі ең ірі телеком-ойыншылардың бірімен ауқымды серіктестіктің бастауы. Біз China Mobile-мен бірлескен жобалар жасанды интеллект, бұлттық технологиялар және өңірдің цифрлық экономикасын дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», — деді ол.

Астанада өткен конференцияда Akashi-дің стендіне Яндекс пен ServerCore секілді технологиялық компаниялар қызығушылық танытты. Akashi мен China Mobile арасындағы жабық келіссөздерде ықтимал келісімшарттар, AST-2 модулін дамытуға инвестициялар, бірлескен бұлттық шешім іске қосу және деректер орталығын пайдаланудың жаңа форматтары талқыланды.

2025 жылдың маусымында Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Tier IV деңгейіндегі деректер орталығының құрылысы басталғаны хабарланған болатын. Бұл жоба ел экономикасының дамуына серпін беріп, 10 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын құруы мүмкін.

Нысанды 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Ол есептеу қуаттарының тапшылығын жойып, Қазақстанға ІТ-саланы дамытудың жетекші ойыншыларын тартуға мүмкіндік береді.

Akashi Data Center — Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД аумағындағы алғашқы әрі ең ірі TIER IV деңгейіндегі деректер орталығы. Жоба Астанада (Қазақстан) 11 гектар аумақта AKASHI компаниясы арқылы жүзеге асырылуда. Орталық өңірде цифрлық хаб құруға, деректерді сенімді сақтауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

China Mobile International Limited (CMI) — Қытайдың жетекші телекоммуникациялық операторы China Mobile компаниясының еншілес ұйымы. Ол 2010 жылдың желтоқсанында құрылған, штаб-пәтері Гонконгта орналасқан. CMI операторларға, кәсіпорындарға және әлемдік пайдаланушыларға дауыстық байланыс, деректер, роуминг, қосымша қызметтер және бұлттық шешімдер ұсынуға маманданған.

Сондай-ақ оқыңыз