Lifestyle

Джеки Чан Алматыға келді

Джеки Чан Алматыға келді / фото: Instagram/@jackiechan

23 қыркүйек күні Алматы әуежайында әлемге танымал актер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чан төбе көрсетті. 71 жастағы жұлдыздың суреттері әлеуметтік желіде тарады, куәгерлер оны ұшақтан түсе салысымен түсіріп алған.

Белгілі болғандай, Чанды Қазақстандағы Salem Entertainment компаниясының өкілдері күтіп алған. Бұл компания «5:32», «Қара аула», «Шекер» сияқты табысты сериалдарымен танымал. Дегенмен актердің елімізге сапарының нақты мақсаты әзірге жария етілген жоқ. Киносыншы Кәрім Қадырбаев жақын арада Джеки Чан қатысатын жобаның мән-жайын өзі түсіндіретінін мәлімдеді.

Қазір әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар айтылып жатыр. Көпшілік оны жаңа фильм немесе Salem Entertainment-пен бірлескен жоба аясында келді деп болжап отыр. Тағы бір нұсқа бойынша, актер «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчтың арнайы қонағы болуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір пікірлерде актер Алматыға Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасы Voice Beyond Horizon үшін келді ме деген сұрақ та көтерілді.

Әзірге ресми ақпарат жоқ, сондықтан Джеки Чанның Алматыға сапарының мақсаты құпия болып тұр.