
Мәжілісте «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру қауіп-қатеріне баға беретін халықаралық орталықты құру туралы келісімді ратификациялау туралы» талқыланды. Оған сәйкес бұл орталық құрылса, оның операторы ретінде Ресей тағайындалады. Яғни заңсыз қаржы ағынына Ресей бақылау жүргізіп отырады.
Атап айтқанда, орталықтың операторы ретінде Ресейдің Қаржы мониторингі жөніндегі федералды қызметі белгіленген. Депутаттар не себепті Қазақстанның қаржылық ағынына қатысты деректер Ресей бақылауына өтетінін сұрады.
«Бұл орган жүйені ұйымдастырушылық және техникалық тұрғыда қамтамасыз етеді. Техникалық құжаттаманы әзірлейді. Деректердің құпиялылығын сақтайды. Сондай-ақ деректерді өңдеуге арналған бағдарламалық ақпараттық кешен Ресей аумағында орналастырылады. Неліктен орталық оператор ретінде Ресей анықталған?», – деп сұрады депутат Ұласбек Сәдібеков.
Құжатты таныстырған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов инфрақұрылымдық техникалық мүмкіндіктеріне байланысты оператор ретінде Ресей таңдалғанын айтты.
Ақпараттық жүйе Ресейде орналастырылады
Сонымен бірге орталықтың барлық қаржылай міндеттемелері Ресейге беріледі. Яғни халықаралық орталық Ресейге тәуелді болады деген сөз. Бұл мәселені депутат Магеррам Магеррамов көтерді.
«Бұл басқа қатысушылардың құқын шектеу емес пе? Сонымен бірге сол елде құрылатын ақпараттық жүйенің қауіпсіздігін қалай сақтайсыздар? Өйткені Қазақстанның қаржылық ағыны туралы деркетер осы ақпараттық жүйе арқылы өтеді», – деп сұрады депутат.
ҚМА өкілі ақпараттық жүйенің қауіпсіздігі толық сақталатынын мәлімдеді. Айтуынша, мемлекеттік құпия ақпарат, банктік құпия деректер және жеке тұлғалардың мәліметтері орталыққа берілмейді.
«Орталыққа берілтін деректер шектеулі болады. Онда тек статистикалық және аналитикалық деректер беріледі. Сонымен бірге трансшекаралық тәуекелі жоғары терроризмді қаржыландыру үшін жылыстатылған қаражат туралы жалпы ақпарат беріліп отырады», – деді ҚМА өкілі.
Мәжілістің 90 депутаты ҚМА ұсынған бұл құжатты ратификациялады.