Supermamasitа, Darhanzholshybekov, Justking31 заңсыз лотереядан миллиардтар тапқан ба

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Депутат блогерлер Supermamasitа, Darhanzholshybekov, Justking31, AminaXO лотерея ойнатудан қанша тапқанын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Депутат Елнұр Бейсенбаев Supermamasitа, Darhanzholshybekov, Justking31, AminaXO инстаграм парақшаларының иелері халықты заңсыз лотереялық схемаға тарту жолымен ақша тауып жатқанын айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке саланы реттеуді сұрап сауал жолдады.

Депутат әлеуметтік желінің мүмкіндігін белсенді пайдаланатын инфлюенсер-алаяқтар уақытша компаниялар құрып, пайдасыз видеокурстар дайындап, соны сату сылтауымен заңсыз лотерея ұйымдастыратынын атап өтті. Мұның қарапайым азаматтарды алдау схемасы екенін айтқан депутат блогерлердің халықтан көп ақша тарту үшін сыйлық ретінде пәтер, автокөлік, электроника мен смартфондар, тіпті зәулім коттедждер тігетінін айтады.

Бейсенбаев сондай схемамен миллиардтаған қаражат тауып жатқан блогерлердің атын атады.

Darhanzholshybekov

Депутаттың мәліметінше, оқырмандар саны 3 миллионды құрайтын Дархан Жолшыбеков «darhanzholshybekov» аккуанты арқылы 300 млн теңге тұратын зәулім үйіне заңсыз ұтыс ұйымдастырып, шамамен 1,5 млрд теңге қаржы жинаған.

Supermamasitа

Ал Supermamasitа парақшасымен танымал Әлия Байтуғаеваның 6,9 млн оқырманы бар. Блогер бірнеше рет бағалы сыйлықтарды ойнатып, деректер бойынша 500 млн теңге жинаған.

«Justking31» және «AminaXO»

Дәл осындай схемамен 13 млн оқырманы бар «Justking31» және «AminaXO» Instagram аккаунттарының иелері Нұртаза Нұрбек және Амина да зәулім үйлерін сатқан.

«Олар заңсыз лотерея ұйымдастыру арқылы сатып, 1,5 млрд теңге сомасында қаржы жинаған», – дейді депутат.

Депутат Астанада сот жүріп жатқан Жанабыловтардың да ұтыс ойыны заңсыз екенін айтты.

Алаяқ блогерлер

Осы орайда Бейсенбаев әлеуметтік желі қолданушыларын заңсыз лотерея схемаларына алдап шақырып, ақша тауып жүрген «жалған блогерлердің» қоғам тарапынан сыналуын құптайтынын жеткізді.

«Соған қарамастан, бұл саладағы қаржылық алаяқтық, әсіресе, жастар арасында өсуде. Қолданыстағы заңнамаға қарамастан, алаяқтар коммерциялық ұйымдарға сатуды ынталандыру үшін ұтыс ойынын өткізуге мүмкіндік беретін заңдағы олқылықтарды пайдаланады», – дейді ол.

Депутат ұсынысы

Сонымен бірге құзырлы органның мұндай жолмен жиналған қаражатты бақылау құқы жоқ, сол себепті мұндай жолмен алынған қаражатты тәркілей де алмайды. Осыған байланысты депутат мынадай ұсыныс айтты:

  • Мұндай схемаларды ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қозғау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабында көзделген табыс шегін төмендету және шараларды күшейту мүмкіндігін қарастыру.
  • Заңсыз лотереяларды ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған алаяқтардың азаматтарды қалай алдағаны және қанша қаражат иемденгені туралы толық ақпаратты бірыңғай желіде жинақтап жариялау.
  • Білім беру орталықтары мен онлайн мектептердің қызметінің ашықтығын арттыру тетіктерін әзірлеу, тұтынушылар олардың беделін, оқытушылардың біліктілігін және заңды мәртебесін оңай тексере алатындай болуы керек.
  • Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті органдарын әкімшілік құқық бұзушылық жасаған блогерлердің осы әрекеттен алған табысы туралы ақпаратты Туризм және спорт министрлігінің сұрауы бойынша ұсынуға міндеттеу.

Еске сала кетсек, Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың үстінен заңсыз лотерея ойнату фактісі бойынша сот жүріп жатыр. Енді блогерлерге қатысты әкімшілік іс тоқтап, қылмыстық іс қозғалғалы жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз