
Сингапурды әлемдегі ең бай мемлекеттің қатарына кіргізген құралдың бірі – елдің жинақ жүйесі. Central Provident Fund (CPF) немесе Орталық жинақ қоры деп аталатын модельді экономистер ең бірегей әрі тиімді жүйе деп санайды. Азаматтардың 90%-на баспана алуға көмектескен жинақ жобасы және оның Қазақстаннан айырмашылығы жайлы Kursiv.media материалында.
Орталық жинақ қоры (CPF) 1955 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінде сингапурлықтардың зейнетақысы, денсаулығы мен тұрғын үй қажеттіліктерін қамтамасыз ететін басты құрал. CPF-ке сарапшылар елдің экономикалық жетістігінің кілті деген баға береді.
CPF-тің жұмыс істеу әдісі:
- Барлық жұмыс істейтін азамат жалақысының 20%-ын қорға аударады, ол заңмен міндеттелген.
- Жұмыс берушілер де қосымша жарна ретінде тағы 17% аударады. Барлық қаржы қызметкердің атындағы жеке есепшотқа барады.
- CPF-тегі қаржыға салық салынбайды, пайыздан табыс әкеледі.
CPF-тің негізгі ерекшелігі – жиналған қаржыны үш мақсатқа пайдалануға болады:
- Ordinary Account (OA) – тұрғын үй сатып алу, ипотека төлеу, білімге жұмсау.
- Special Account (SA) – ұзақмерзімді жинақ (зейнетақыға арналған, инвестициялауға болады).
- MediSave Account (MA) – медициналық шығындар мен сақтандыру.
Неге Сингапур мұндай жүйені таңдады?
1965 жылы Сингапур тәуелсіздігін алғанда халық саны көп, бірақ өте кедей ел еді. Жер қойнауында мұнай мен газы болған жоқ, мемлекет тіпті ауы суды шетелден тасымалдайтын. Ұлттық қор, жиналған қосымша ресурс та болмады.
Батыс елдері тәрізді Сингапур үкіметінің тегін медицина, әлеуметтік пакет ұсынуға мүмкіндігі болған жоқ. Тығырықтан шығу үшін ел билігі ең әуелі азаматтарды қаржылай жауапкершілікке үйрету керек деп шешті. Әрбір адам ақшасын жинауды әдетке айналдыру үшін оны тіпті заң жүзінде міндеттеп қояды. Осылайша Орталық жинақ қоры пайда болды.
Ұзақ жылдан кейін бұл жүйе өз жемісін берді. Бүгінде сингапурлықтардың 90%-дан астамы өз үйінде тұрады. Олар CPF жинағы арқылы HDB (Housing and Development Board) мемлекеттік пәтерлер сатып ала алады.
Халықтың бір бөлігі жинақтағы қаражатты мемлекеттік облигациялар мен басқа да инвестициялық құралдарға салады. Бұл инфляциядан қорғануға көмектеседі.
CPF – тек қана «жинақ+инвестиция» емес, ол бүкіл әлеуметтік саясаттың тірегі. Ондағы қаржыны үй алу, денсаулық, зейнетақы тәрізді белгілі бір мақсаттарға ғана жұмсауға болады. Осы арқылы азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбестен баспаналы болып, сапалы медицинаны пайдалана алады.
Әлбетте, бұл мінсіз жүйе емес. Есепшоттағы қаражатты толық ала алмау кейбіріне ұнамайды. Әрі жарна көлемінің үлкен болуы жас отбасыларға ауыр жүк болуы мүмкін. Бірақ дәл осы құрал арқылы халық та қаржылық сауат қалыптасады. Олар бүгін тапқан табысының бір бөлігі болашақ үшін пайдалы екенін түсініп, ақшасын түгел жаратудан аулақ болады.
Сингапурдағы жинақ жүйесінің Қазақстандағы жинақтан қандай айырмашылығы бар?
Бір қарағанда, барлығы ұқсас тәрізді. Қазақстандықтар да жалақысының бір бөлігін міндетті түрде қорға жинайды. Бірақ айырмашылықтары да жоқ емес.
Ең әуелгі айырмашылық – құрылымында. Сингапурдегі жүйеде жинақ үш шотқа бөлінеді. Яғни қаражат тұрғын үй, зейнетақы және медицинаға арналған үш түрлі шотқа барады. Ал Қазақстандағы жүйеде тек бір ғана шот бар – БЖЗҚ-дағы есепшот. Оның түпкі мақсаты – зейнетақы үшін қаржы жинау, басқа жеке мақсаттарға қарастырылмаған.
Екі елдегі міндетті аудару керек жарналар көлемі де әртүрлі. Сингапурде жұмыс беруші мен қызметкер бірігіп, жалақының 20–37%-ын қорға аударады. Қазақстанда тек қызметкер жалақысының 10%-ын ғана қорға аударады. Жұмыс берушінің қосымша жарналары шектеулі.
Сингапурлықтар қаражатты тек зейнетақы үшін емес тұрғын үй, білім, медицинаға жұмсай алады. Қазақстанда бұл тек соңғы жылдары пайда болды. Оның өзінде оған жеке шот арналған жоқ, олар зейнетақы қорында жиналған қаржының бір бөлігін алады.
2021 жылы Тоқаевтың ұсынысынан кейін БЖЗҚ-дағы жеткілікті шектен асқан соманы үй сатып алуға немесе үй құрылысына пайдалана алатын болды.
Дәл осылай қазақстандықтарға қордағы қаржыны тіс емдету сияқты медициналық мақсатқа жұмсауға мүмкіндік берілді. Бірақ құралды кейбір қазақстандықтар тым асыра пайдаланып жіберген. Жалған медициналық ұйымдар ашып, жалған құжатпен заңсыз ақша алған оқиғалар тіркелді. Ресми мәліметке сүйенсек, осылай 247 млрд теңгеден аса қаржы заңсыз шығарылған. Осыдан кейін 15 қыркүйектен бастап қордағы ақшаны тіс емдету үшін пайдалануға уақытша шектеу қойылды.
Жоғарыдағы өзгерістерге қарамастан Қазақстандағы зейнетақы жүйесі тек зейнетке арналғанын ескеру керек. Азаматтар баспана мәселесін шешуде көбінде ипотека мен мемлекеттік бағдарламаларға тәуелді, ал денсаулыққа арналған жеке жинақ мүлде жоқ.
Сингапурдегі жүйеден тағы бір айырмашылығы зейнетақы активтерін тек Ұлттық банк қана емес жеке сенімгерлік ұйымдар да басқара алады. Олар туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.