Банк пен қаржы

Теңгеге байланған алғашқы стейблкоин іске қосылды

Crypto, tenge, stablecoin
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов / фото: ҰБ

Ұлттық банк (ҰБ) сынақ алаңы аясында теңгеге байланған стейблкоин шығару бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бұл туралы Kursiv.Media ҰБ мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Қадағалаушы мекеме мәліметінше, стбейлкоин Intebix компаниясы (АХҚО-да тіркелген цифрлық активтер биржасы) Solana (халықаралық блокчейн-платформасы), Mastercard (халықаралық төлем жүйесі) серіктестерімен және Еуразиялық банкпен бірлесіп іске қосты.

«Теңгемен отандық стейблкоинді іске қосу цифрлық инновациялық шешімдерді дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат каналын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Криптовалютаны теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоинге айырбастауға және криптокарталарды пайдалана отырып сауда операцияларын жүргізуге мүмкіндік туады», – деп хабарлады ҰБ.

Бұл жоба инновациялық цифрлық құралдар мен Қазақстанның цифрлық активтер нарығын дамытуды қамтитын ҚҰБ-тың ұлттық цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру стратегиясының бөлігі.

«Былтыр семлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында цифрлық қаржы өнімдерінің әлеуетін толық пайдаланып, іске қосуды тапсырды. Биыл Ұлттық банк цифрлық активтерді реттейтін сынақ алаңын іске қосып, заңнамаға оның жұмыс істеуіне қажет түзетулер әзірледі. Қазір реттеуші сынақ алаңы аясында төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жоба іріктеліп алынды, оның алғашқысы – Қазақстан стейблкоині», – деді ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов.

Биыл маусым айында ҰБ криптовалютаны бір мезетте теңгеге конвертациялау есебінен тауарлар мен қызметтер ақысын төлеуге мүмкіндік беретін криптокарталар жобасын іске қосқан.

Стейблкоиндар – фиат ақшамен қамтамасыз етілген цифрлық активтер.
ҰБ-ның сынақ алаңы – ерекше реттеу режимі, цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобаларды қауіпсіз сынап, іске қосуға арналған платформа; яғни ерекше реттеу режимі.