Вице-премьер жеңілдігі бар салық тәртібіне кімдер ілігетінін айтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
жаңа салық кодексі
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жеңілдігі бар арнаулы салық тәртібімен қай кәсіпкер жұмыс істей алатынын түсіндірді. Вице-премьер 24 қыркүйекте Астанада жаңа Салық кодексіне қатысты семинарда сөйледі.

Жұманғарин өткен аптада интернетте таралған «Қолдануға тыйым салынған қызмет түрлері тізімінің» жобасын «фейк» деп атады. Шенеуніктің мәлімдеуінше, мұндай тізім жобасы әлі талқыланып жатыр.

«Шын мәнінде, біз мұндай тізімді жариялаған жоқпыз. Онымен әлі жұмыс істеп жатырмыз. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да белсенді түрде қатысып жүр», – дейді Жұманғарин.

Оның айтуынша, талқыланып жатқан жобадағы басты қағида – оңайлатылған декларациямен жұмыс істеп жүргендер бұрынғыша салық жеңілдігімен жұмыс істей береді.

«Кәсіптің қай түрлеріне рұқсат береміз? Оған өндіруші саладағы кәсіптердің бір бөлігі кіреді. Олар өнімі бірден саудаға түсетін саладағы кәсіпкерлер».

Вице-премьердің айтуынша, 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда орындарын қоспағанда, бөлшек сауда жеңілдікке ілінеді. Бұған қоса, ауыл және орман шаруашылықтары да салық жеңілдігін алады. Сонымен бірге, креатив, мәдениет және спорт рұқсат етілген кәсіп түрлерінде қала береді. Тұрмыс қызметтері де оңайлатылған тәртіптен түспейді. Асханалар, мейрамханалар, сұлулық салондары, үй жанындағы дүкендер де жеңілдігі бар салық тәртібімен жұмыс істей береді.

Жұманғариннің мәлімдеуінше, мектепке дейінгі білім рұқсаты бар тізімде қалады, ал мектеп білімі рұқсат етілмеген тізімге кіреді.

«Нақты санын айтар болсақ, бизнестің 1 млн 330 мың субъектісі жеңілдікке рұқсаты бар кәсіп түрлеріне жатады. Бұл шамамен 318 кәсіп түрі. Жобаны порталда жариялап, сіздердің ұсыныстарыңызды білеміз», – дейді вице-премьер.

Салық жеңілдігіне ілікпейтін тізімге келер болсақ, Жұманғариннің айтуынша, мұндағы кәсіп түрлерінің көбі өңдеуші салаға жатады. Көтерме сауда, ірі көлемдегі бөлшек сауда, жер қойнауын пайдаланушы сала, қаржы саласы, зерттеу, кәсіби қызметтер, телекоммуникация мен радио, ақпараттық технологиялар, құрылыстың кейбір қызметтері, табиғи монополия субъектері, жалға беру және лизинг, мемлекеттік басқару, мектеп білімі, кәсіпке арналған қызметтер, үкіметтің емес ұйымдар, медицина, мәдениет, балық аулау, ойын бизнесі және басқалары рұқсаты жоқ тізімге енеді.

«Бұл шамамен 790 кәсіп түрі, бірақ бар болғаны 500 мыңнан сәл көп кәсіпкерді қамтиды. Өзгеріс бизнестің шамамен 30-40%-ын қамтиды», – деді Жұманғарин.

Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Жаңа жылдан бастап барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. 

Бір күн бұрын сауда министрі Қазақстан жаңа салық тәртібіне көшкен уақытта баға аздап көтерілетінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз