Жаңалықтар

Зеленский Путинге Қазақстанда кездесуді ұсынды

Владимир Путин мен Владимир Зеленский / фото: shutterstock
Владимир Путин мен Владимир Зеленский / фото: shutterstock

Киев Мәскеуге Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей басшысы Владимир Путиннің кездесуін Қазақстанда өткізуді де ұсынған. Бұл туралы Kursiv.Media Fox News телеарнасы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Владимир Зеленский америкалық телеарнаның Special Report бағдарламасына сұхбат берді. Ол жүргізуші Брет Байерге Украина, батыс елдері және Туркия Ресейге Зеленский мен Путин саммитін Қазақстанда да өткізуді ұсынғанын айтты.

«Біз кездесуді Түркия, Сауд Арабиясы, Катар, Еуропаның Австрия мен Швейцария секілді бейтарап елдерінде өткізуді ұсындық. Біз оған: «Егер сіз Қазақстанда сияқты елде кездескіңіз келсе, біз дайынбыз» дедік. Бары осы», – деп түсіндірді Зеленский.

Путин жоғары деңгейдегі кездесу өтетін орын ретінде Мәскеуді атаған. Украин президенті мұндай ұсынысты Мәскеудің жүздесуден қашқақтайтынын көрсетеді деп есептеген.

Өткен аптада Зеленский түрлі форматтағы алдын ала кездесуге дайын екенін тағы мәлімдеген. Алайда ол Мәскеуге барудан бас тартқан.

Тамыздың ортасында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Путин Аляскада кездескен. Содан кейін Ақ үй Ресей мен Украина президенттерінің жүздесуіне дайындық басталып кетті деп жариялаған.