КТК кеңсесіне дрондар шабуыл жасады: зардап шеккендер бар

Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КТК) кеңсесі дрондармен жасалған жаппай шабуылдың салдарынан уақытша жұмысын тоқтатты. Бұл туралы КТК хабарлады.
«Бүгін жұмыс күнінің ортасында Новороссийск қаласының орталығына дрондар қолданылған жаппай шабуыл жасалды… Компанияның екі қызметкері әртүрлі дәрежеде жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Әкімшілік кеңсенің жұмысы уақытша тоқтатылды, қызметкерлер эвакуацияланды», – делінген таратылған хабарламада.
Консорциумның мәліметінше, шабуыл салдарынан КТК-ның қаладағы кеңсесінен бөлек, тұрғын үйлер мен қонақүйлер де зақымданған. Әсіресе, КТК кеңсесі орналасқан ғимаратта ауыр зардап шеккендер бар, олардың арасында консорциум қызметкерлері емес адамдар да бар екені атап өтілді.
Кейінірек КТК кеңседегі жараланған қызметкерлердің бірінің оқ-дәріден жарықшақ жарақатын алғанын нақтылады. Бұл дрондардың жауынгерлік бөлігінде зақымдаушы элементтердің болғанын көрсетеді. Консорциум кеңсесіне кімдердің шабуыл жасағаны хабарланған жоқ.
Өз кезегінде Mash Telegram-арнасы Украина Қарулы күштерінің Новороссийск қаласының орталығына жасаған шабуылы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы үшеуі жараланғанын жазды. Дрон сынықтары бес үйді және «Новороссийск» қонақүйін зақымдап, автотұрақтарда өрт шыққан. Ғимараттардың терезелері мен қасбеттері жарықшақтардан қираған.
КТК – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық арнасы. Осы құбыр арқылы ел мұнайының 80%-дан астамы сыртқа шығарылады. Ресей тарапының мәліметінше, украиндық дрондар КТК инфрақұрылымына бұған дейін де бірнеше рет шабуыл жасаған. Мұндай оқиғалар Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемінің азаюына әкелген еді.