Экс-әкімнің ұлы қала аумағындай жерге иелік етеді – Бақытжан Базарбек

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы облысында жерді бөлу барысында орын алған жаппай заңбұзушылықтармен күресін жалғастырып жатыр. Осы мәселеге байланысты ол Бас прокурор Берік Нұрғалиевке депутаттық сауал жолдады.

Депутат алдымен Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауындағы 81 жер теліміне қатысты мәселені көтерді. Бұл аумақ су қорғау аймағында орналасқандықтан, жекеменшікке берілмеуі тиіс еді. Алайда Қонаев қаласының әкімдігі жерді жеке меншікке және жалға рәсімдеп жіберген. Тексеру нәтижесінде сол учаскелердің 50-інде жер заңнамасының өрескел бұзылғаны анықталды.

Базарбектің сөзінше, жер телімдері қарапайым адамдарға емес, белгілі тұлғаларға берілген. Тізімде тұңғыш президенттің туыстары, бұрынғы шенеуніктер мен Forbes тізіміне енген бизнесмендер бар.

Депутат мемлекеттік инспекторлардың заңсыз жер бөлу фактілерін тексеру кезінде бизнес-элита мен шенеуніктер тарапынан үлкен қысымға тап болатынын да атап өтті.

Сонымен қатар Базарбектің қолына Іле ауданындағы жерге қатысты заңсыз схемалар туралы материалдар түскен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауданды 14 жыл басқарған бұрынғы әкім Николай Логутов өз қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ірі жер телімдерін сенімді адамдар арқылы өзінің отбасына заңсыз иемденіп берген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бүгінде бұл жерлер бұрынғы әкімнің ұлы Константин Логутовтың иелігінде. Белгілі болғандай, оның атына он мың гектардан астам жер тіркелген. Олар «Монтажник», Dala Invest Group, Billboards Empire және Al-Agro Group компаниялары арқылы рәсімделген. Салыстыру үшін айтсақ, бұл аумақ Қонаев қаласының жер көлемінен де асып түседі.

«Бұрын қоғамға беймәлім болған аудан әкімдерінің балалары бүгінде нағыз жер иеленушілерге айналған», – деді Базарбек.

Оның айтуынша, тұрғындар жерді мал жаюға немесе егін егуге пайдалана алмай отыр. Ал бұл учаскелер бос жатыр немесе қымбат бағаға қайта сатылуда. Сонымен қатар олардың бір бөлігі «қызыл сызықтарда» және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан.

Депутат Бас прокуратурадан тергеуді өз бақылауына алуды және Логутовқа Алматы облысының кейбір прокурорлары тарапынан қамқорлық көрсетілген-көрсетілмегенін тексеруді сұрады.

Еске салсақ осыған дейін Базарбек Қапшағай маңындағы жерлерді кімдердің иемденіп алғанын жариялайтынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз