Халық 5-6 жылда су тапшылығын сезе бастайды: цифрландыру мәселені шеше ме?

Қазақстанда су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделене түсуде. Әсіресе, осы 2025 жылдың жаз айларында аптап ыстық болып, бірқатар өзен арналары мен көлдердің суы тартылды. Көлдері мен өзендерді тартылғаны туралы әлеуметтік желіде көптеген видеороликтер жарияланды. Жазда Шардара су қоймасы әдеттегіден ерекше тартылды. Алматы облысындағы Іле алабына жататын Күрті өзенінің суалғаны туралы ақпарат тарады. Сәйкесінше, Қапшағай су қоймасының деңгейі тым төмендеп кетті. Каспий теңізінің тартылуы да үлкен табиғи апаттан хабар береді. Тізе берсе, суы жағадан алыстаған көлдер мен сағасы суалған өзендер көп. Бұл жағдайлар елдегі су мәселесінің қаншалықты күрделі екенін аңғартып тұрғандай.
Елдегі су тапшылығы мәселесін өз жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді. Президент көпшілікті суды үнемдеуге шақырды. Ал суармалы жерлерде судың 50-60%-ы топыраққа босқа сіңіп кетіп жатқанын да айтты. Тоқаев су тапшылығы мәселесін цифрландыру және заманауи су үнемдейтін технологиялар көмегімен шешуге болатынын атап өтті.
Орталық Азияда су үшін соғыс басталуы мүмкін
KursivMedia редакциясы Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі жөнінде Сенат депутаты Сергей Пономаревтан пікір алды. Елде су ресурстарының жыл санап азайып бара жатқанын Парламент төрінде көтеріп жүрген депутат, жағдайдың расымен күрделі екенін, президенттің жолдауда бұл мәселеге ерекше назар аударуының нақты себебі бар екенін айтады.
«Расымен, өңірде су тапшылығы ақырындап сезіліп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл жөнінде дабыл қағып жатқаны бекерден-бекер емес. Ұйым ресми түрде Орталық Азияда су үшін соғыстар басталуы мүмкін екенін ескертіп жатыр. Оның алғашқы белгілерін біз қазірдің өзінде сезіп отырмыз десем, артық айтпаймын. Шынында да, жаз өте ыстық болды, ал қыста біз күткендей қар көп түспеді», – дейді депутат.
Трансшекаралық өзендер туралы
Сонымен бірге Қазақстан трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сол себепті көршілерден суды өлшеп аламыз. Оның үстіне кей елдер трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану туралы конвенцияға қол қоймаған. Бұл да Қазақстанның су мәселесін шешуіне айтарлықтай кедергі болып отыр.
«Қазақстан аумағынан трансшекаралық өзендер ағып өтеді, алайда көршілеріміздің барлығы бірдей трансшекаралық өзендер туралы конвенцияға қол қойған жоқ. Яғни бұл елдер трансшекаралық өзендердің суын өз қалағанынша пайдалана алады. Ал біздің ел саланы цифрландыру арқылы ғана бұл мәселені шешуге бір табан жақындайды», – дейді депутат.
5-6 жыл ішінде су тапшылығы қатты сезіле бастайды
Қазақстан ауызсуды тау мұздықтарынан алып отыр. Бірақ оның көлемі шектеулі. Депутат елдегі ауызсу қорының айтарлықтай азайып кеткенін өз көзімен көріп қайтқан. Осы орайда, сенатор егістікке арналған суармалы су тапшылығынан бөлек, ауызсу тапшылығы да алдағы жылдары үлкен проблемаға айналуы мүмкін екенін айтады.
«Мен бір ай бұрын Алматы маңындағы Батыс Тянь-Шаньдағы мұздықтарды – Есіктен бастап, Қаскелеңге дейінгі таулардың тікұшақпен аралап шықтым. Сондағы көргенім көңіл көншіте қоймайды. Тау басындағы мұздақ көлдеріміз жартылай бос тұр. Ал қалыңдығы 20 метрге жетуі тиіс мұздықтарымыз іс жүзінде еріп кеткен. Бұған қарап, небары 5-6 жыл ішінде елде су тапшылығы қатты сезіле түсетінін болжауға болады», – дейді Пономарев.
Көлікті аузысумен жуу тәжірибесін тоқтату қажет
Депутат су үнемдеуді әр адам өзінен бастауы керек деп санайды және әкімдердің газон өсіру тәжірибесінен бас тарту жөніндегі ұсынысының жаны бар екенін айтады. Су үнемдеумен қатар елде суды екінші рет пайдалану тәжірибесі де қалыптаспаған. Екінші рет пайдаланылатын су көлемі елде небары 3%-ды құраса, техникалық суды пайдалану мөлшері 27%. Ал егістіктерде тамшылатып суару технологияларын пайдалану үлесі 30%-дан да төмен.
«Бізге су үнемдеу мәселесіне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарау қажет. Ең болмағанда, біріншіден, автокөліктерді таза ауызсумен жуу тәжірибесін тоқтатуымыз керек. Себебі көлік жуу орталықтары ауызсу арзан болғаны үшін оны шығын деп есептемей, бақылаусыз жұмсай береді. Сондықтан суды бей-берекетсіз ысырап етуге жол бермеу керек», – дейді ол.
Сол үшін саланы цифрландыру күнтәртібінде тұрған бірінші мәселе. Өйткені цифрландыру жүйесі арқылы кімнің қанша су пайдаланғанын анық көріп отыруға болады.
«Салаға цифрлық жүйе енгізілуі керек. Яғни, кез келген фермер, кез келген пайдаланушы өзі алған судың көлемі туралы нақты ақпаратқа ие болуы тиіс. Су беру нүктесінде цифрлық датчик орнатылып, «Қазсушар» мекемесіне деректер жіберіліп отырады. Осылайша, аудан, облыс, тіпті бүкіл ел бойынша кім қанша су алып, қанша пайдаланғанын бақылауға мүмкіндік туады», – дейді депутат.
Балқаш және АЭС
Тамыз айында Қонаев тұрғындары Қапшағайда судың жағадан біраз алыстап кеткенін байқап, бейнероликтер жариялай бастады. Осы орайда болашақ АЭС салынатын Балқаш көлінің жағдайы алаңдаушылық тудыратыны анық.
Су қоймасындағы судың не себепті азайып кеткенін редакция Су ресурстары және ирригация министрлігінен сұрады. Министрлік қоймадағы су деңгейінің төмендеуін вегетациядық кезеңмен байланыстырды. Сонымен бірге су қоймасының екі жыл қатарынан 100% толғанын мәлімдеді. Ал АЭС жұмысына Балқаш көлінің су деңгейі кері әсерін тигізбейді деп сендірді.
«Балқаш көлінің деңгейі мен экологиялық жағдайының жақсаруы Үлкен ауылында жоспарланып отырған АЭС салу жобасына кедергі келтірмейді. Ресми бағалауларға сәйкес, АЭС су ресурстарына елеулі әсер етпейді, өйткені Балқаш көлі тікелей салқындатуға пайдаланылмайды», – делінген министрлік жауабында.
Мнистрліктің бұл мәлімдемесінПономарев та растап отыр. Айтуынша, заманауи технологиялар көмегімен салынатын АЭС тікелей су ресурстарына тәуелді болмауы мүмкін.
«Балқаш көлі айтралықтай терең емес – орта есеппен 6 метр. Алайда, АЭС бұл суды тұтынбайды, яғни өндірістік мақсатта пайдаланбайды. Станция суды тек салқындату үшін пайдаланады. Бұл процесс радиациямен байланысты емес. Суды кейін Балқашқа кері қайтарып отырады. Оның үстіне қазіргі уақытта атом электр станцияларының технологиясы суды барынша аз мөлшерде пайдалануды көздейді. Тіпті су қолданбайтын АЭС түрлері де бар.Нысанның құрылысы кезінде мұндай баламаларды да мамандар толық қарастыратыны анық», – дейді депутат.
Сарқынды суларды тазартып, екінші рет пайдалану
Депутат су тапшылығы жағдайында сарқынды суды екінші рет пайдалану тәжірибесін енгізу аса маңызды деп санайды. Айтуынша, бір рет пайдаланылған суды тазартып, суаруға, көлік жууға, көше жууға пайдалануға болады.
«Өткен апта бойы мен Экология комитетінің мүшесі ретінде әртүрлі өңірлерге, соның ішінде Алматыға іссапармен барып, Қытай тарапынан ұсынылған сарқынды суларды тазарту бойынша инвестициялық технологиялармен таныстырдым. Бұл технологиялар арқылы тазартылған суды көлік жууға, саябақтарды, көшелерді суаруға, тіпті балық өсіруге де пайдалануға болады. Су микробиологиялық деңгейде соншалықты мұқият тазартылады», – дейді ол.
Сорбұлақ мәселесі
Осы орайда депутаттан Алматы маңындағы Сорбұлақ көлі туралы сұрап білдік. Сорбұлақ – Алматы қаласының кәріз жүйесінен шыққан сарқынды сулар жиналатын жасанды көл. Бұрын эколог Мелс Елеусізов көлдің толып кетіп, жақын маңдағы елдімекендерді су басу қаупі бар екенін айтқан. Пономарев енді көлдің тасуы емес, құрғап кету қаупі жоғары екенін айтады.
«Қазіргі жағдай – мүлде басқа. Бүгінгі күні Сорбұлақта су жетіспеушілігі байқалады. Мен жақында Алматы қаласының сарқынды суларын қабылдайтын кәріздік тазарту құрылысына барып, жағдаймен таныстым. Бұл нысан Алматы, Талғар, Қаскелең қалаларынан және Өтеген батыр ауылынан тәулігіне 460-500 мың текше метр сарқынды суды қабылдап, тазартады. Тазартылған су көл маңында өсетін техникалық дақылдарды суғаруға жұмсалады. Сол себепті бүгінгі күні көлдің толып кету қаупі өзекті емес. Керісінше, жеткілікті су бармайтынына байланысты суалу қаупі жоғары. Көл суалса, өңірдің экологиялық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін. Себебі оның түбінде жиналған улы, токсинді, қауіпті лай қабаты экологиялық қатер тудырады. Егер көл мүлде құрғап қалса, онда оны рекультивациялау қажет болады», – дейді депутат.
Каспий теңізінің суалуы ең үлкен экологиялық апат
Бүгінгі күні Каспий теңізі ең үлкен экологиялық апаттың алдында тұр. Осы орайда депутат Сергей Пономарев теңіздің 75 жылда мүлде жоғалып кету қаупі бар екенін айтып, үкіметке сауал жолдаған болатын. Мәселен, 2005- 2023 жылдар аралығында теңіз деңгейі 185 см-ге төмендеп кеткен. Сол себепті депутат мұнай компанияларына қатысты экологиялық талаптарды күшейтуді ұсынып отыр. Өңірдегі экологиялық жағдай реттелмесе, небары 15-20 жылда Қазақстанның өз ішінде «экологиялық босқындар» пайда болуы мүмкін.
«Менің ойымша, алдағы 15–20 жылда бізге теңіздердің тартылуы үлкен қауіп төндіреді, және сол кезде «экологиялық босқын» деген ұғым пайда болады. Бұл, ең алдымен, қазақстандықтарға қатысты, себебі Каспий теңізінің біздің елге қарайтын бөлігі ең таяз. Мәселен, Атырау маңында теңіздің тереңдігі небәрі 2,6 метр. Яғни, теңізді жоғалту үшін су деңгейінің екі метрге төмендеуі жеткілікті. 2 метрден кейін теңіз табаны батпаққа айналады», – дейді Пономарев.