Жаңалықтар

Түркістанда қалыңдығына барған жігітті ұрып өлтірген 4 адам сотталды

Қалыңдығына барған жігітті ұрып өлтірген 4 адам сотталды /фото: kursiv.media

Мақтааралда көрші ауылдағы қалыңдығымен кездесуге барған 30 жастағы жігітті «ұрып-соғып өлтірді» деген күдікке ілінген 4 адамға үкім шықты. Сот оларды кінәлі деп танып, бірін 8 жылға, үшеуін 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Қоңырат ауылының тұрғыны 30 жастағы Азиз Құралбаевты «ұрып-соғып, азаптады» деген көрші ауылдың 4 жігітіне қатысты сот үкімі шықты. Жетісай аудандық соты олардың бірін Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен, үшеуін «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп тапты.

«Ақназар Жеңісұлы Мықтыбек Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталған Мықтыбекке тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленсін», – деді судья Мұхтар Жолдасбеков.

Судья «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен айыпталған Сүндет Мырзатайға «Бұзақылық» бабымен жаза тағайындады. Ол мұны сотталушының іске қатысы болғанымен, тағылған алғашқы айып дәлелін таппады деп түсіндірді. Сөйтіп Мырзатаймен бірдей «Бұзақылық» бабымен сотталған Рүстембек Көшкенбаев және Бақберген Исмаилға рақымшылық заңын қолданып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 4 сотталушының да бұған дейін қамаудағы бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетін болды. Оларға жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеу белгіленді.

Сот дерегінше, сотталушылар жәбірленуші марқұм Азиз Құралбаевты ұстап алып, ауыл шетінде ұрып-соққан. Алғашында Құралбаев олардан қашып шыққан. Бірақ сотталушы Мықтыбек қайта ұстап алып, жерге құлағанда басынан бірнеше рет тепкен. Осы кезде ол есінен танған. Жәбірленуші дәл осы соққыдан жабық-бас ми жарақатын алып, аурухананың жан сақтау бөлімінде қайтыс болған.

Сотталушыларға соңғы сөз берілгенде кінәсін мойындайтынын айтты. Олардың үкімімен келісетіні, не келіспейтіні беймәлім. Ал марқұм Азиз Құралбаевтың туыстары сот үкімімен келіспейді.

«Біз сот үкімін тыңдап, шок алып тұрмыз. Не болғанын түсінбей қалдық. Қолымызда қаншама дәлел бар. Бұлай аз жаза беретінін күтпедім», – дейді марқұмның ағасы Альмир Құралбаев.

Айта кетейік, оқиға 2024 жылдың 11 қарашасында болған. Қалыңдығына барған жігітті ертеңіне туыстары аудандық аурухананың жан-сақтау бөлімінен тапқан. Ауыр соққыдан есін жоғалтқан жігіт 3 ай жан сақтау бөлімінде жатып, қайтыс болған еді. Марқұмның жақындары оны тек ұрып-соғып қана қоймай, азаптағанын жеткізген. Азиз Құралбаевтың өліміне 6 жігітің қатысы барын айтқан. Алайды сот алдында 4 адам жауап беріп жатқанына наразы болып, президентке, бас прокуратураға бұл істі назарға алуын сұранып, үндеу жасаған.