Жаңалықтар

Иран Қазақстанда жол салғысы келеді

Тараптар көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады/фото: shutterstock

Иран Қазақстан аумағындағы автожол салуға қатысуға қызығушылық танытты. Бұл көлік инфрақұрылымын кеңейтуге және транзиттік тасымал көлемін арттыруға ықпал етеді. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукармен кездесуінде осы мәселе талқыланды.

Тараптар көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Автомобиль көлігі саласындағы екіжақты келісім жобасына назар аударып, құжаттың барлық тармағын келісу және оған қол қою үшін қосымша келіссөздер жүргізілетін болды.

«Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясында ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды. Бұл бағыттың дамуы Қазақстан мен Иранның Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік буын ретіндегі рөлін нығайтуға септігін тигізеді», – делінген ақпаратта.

Астара және Ақтау порттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі жеке қаралды. Бұл тауар айналымының өсуіне және теңіз тасымалдарының көлемін арттыруға мүмкіндік береді.