Жаңалықтар

Қостанайда медицина қызметкері егде жастағы ер адамды ұрып-соққан (видео)

Ер адам ауыр жарақат алған/фото нейрожелі көмегімен жасалған

Айықтыру орталығында 61 жастағы ер адамды медицина қызметкері ұрған. Бұл туралы зардап шеккен ер адамның қызы әлеуметтік желіде жазды.

2025 жылдың 27 шілдесінде Екатерина Ратмировнаның әкесін Қостанайдағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізген. Дәл сол жерде оны медицина қызметкері соққыға жыққан.

«Бұл бейнежазбадағы менің әкем, 1964 жылы туған, қазір 61 жаста. Қара киімдегі медицина қызметкері әкемді аяусыз ұрып, ауыр дене жарақатын салды. Оның бұл әрекетіне әкемнің камерада темекі тартқаны себеп болған екен», – деді ол.

Ер адам соққы салдарынан бірнеше жарақат алған. Оның ішінде оң бүйрегіне соққы тиіп, көп қан жоғалтқан. Салдарынан бүйрегін алып тастауға тура келген. Ер адамның оң жақтағы 11 және 12 қабырғасы сынған.

Қостанай облысы полиция департаменті қасақана ауыр дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Күдікті медицина қызметкері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Қазір барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Жақын арада қылмыстық іс материалдары сотқа жолданады», – деп мәлімдеді полиция.

Сотта іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады.