Өзара шот аша алады: Қазақстан мен Түркия депозитарийлері келісімге қол қойды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Орталық депозитарий баспасөз қызметі

Қазақстанның Орталық депозитарийі (KCSD) мен Түркияның Merkezi Kayıt Kuruluşu A.Ş. (MKK) өзара байланыс орнатып, қаржы құралдарына қол жеткізуді жеңілдетті. Алматыда өткен WFC2025 форумында екі ұйым мүшелік пен өзара шот ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.

Жүйе техникалық тұрғыда толық іске қосылғаннан кейін, инвесторлар мемлекеттік қарыз бағалы қағаздарды омнибустық шоттар арқылы сақтап, есеп айырысуды ыңғайлы жүргізе алады. Бұл тәсіл операцияларды жеңілдетіп, нарыққа шетелдік қатысушыларды көбірек тартуға мүмкіндік береді.

KCSD төрағасы Еділ Медеудің айтуынша, қазақстандықтар Түркияның мемлекеттік облигацияларына тікелей инвестиция сала алады, ал түрік инвесторлары Қазақстан нарығына шығады. Ал MKK басшысы Экрем Арыкан мұны Түркі мемлекеттері арасындағы қаржы инфрақұрылымын біріктіруге жасалған маңызды қадам деп атады.

Форумға әлемнің 50-ден астам елінен 250-ден аса сарапшы қатысып, бағалы қағаздар нарығындағы жаңа үрдістерді, соның ішінде жасанды интеллект пен блокчейнді енгізуді талқылады. Шараға Clearstream, Nasdaq, Montran, Thomas Murray, КАСС, Freedom Broker және басқа да ұйымдар қолдау көрсеткен.

KCSD – Қазақстанда 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық депозитарий. 2024 жылы оның жүйесінде 2,8 млн брокерлік шот ашылып, клиенттердің активтері 179 трлн теңгені құрады.

MKK – Түркиядағы бағалы қағаздардың орталық депозитарийі және сауда репозиторийі. Ол елдің Капитал нарықтары кеңесінің бақылауымен жұмыс істейді және 2015 жылдан бері Түркия Орталық банкінің уәкілетті операторы саналады.

Бұған дейін Қазақстанда криптовалюта айырбастау платформалары пайда болатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз