
2026 жылдан қосылған құн салығы мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өспек. Соның салдарынан баға қымбаттай түсетіні анық. Сенат кулуарында журналистер Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннен ҚҚС-тың көтерілуі экономикалық дағдарысқа әкеп соға ма деп сұрады.
Вице-министр дәл құн салығын көтеруден Қазақстан экономикасы дағдарысқа ұшырамайтынына сенімді.
«ҚҚС-тан дағдарыс болмайтыны анық. Алайда жағдайдың қалай өзгеретінін білмейміз. Түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Ертең құдай сақтасын, пандемия болса ше? Сондықтан бұл жерде тіке солай деп айту дұрыс емес», – деді ол.
Биыл жазда жаңа Салық кодексі қабылданды. Соған сәйкес, 2026 жылдан қосылған құн салығы қымбаттайды.