
Алматыға кадеттер арасында Әлем чемпионатына келген жас шахматшылар бір күндік демалыста қаланың әсем жерлеріне барып демалды. Делегаттардың бір бөлігі Шымбұлақ тау-шаңғы курортында «Қара жорға» биледі.

Әлем чемпионатының 380 қатысушысы Шымбұлақты сахнаға айналдырып, шетелдік спортшылар қазақтың «Қара жорғасын» биледі. Қар басып қалған Алатаудың бөктерінде кәсіби бишілер қонақтарға бидің мәнерін көрсетіп, шеңберге тұрып қосылып би биледі. Шеңбер әлемнің 88 елінен келген спортшыларды байланыстырған нағыз мәдени көпірге айналды.

«Біз Қазақстанға алғаш рет келдік. Осындай керемет шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін мың алғыс. Бізге қонақжай, жап-жасыл әрі сондай әдемі Алматы қаласы қатты ұнады. Шымбұлақта балаларымыз алғаш рет қар көрді. Бұз ыстық елде өмір сүретіндіктен, қар көрсек деп армандап келіп едік. Арманымыз орындалып, балаларымыз қар үстінде асыр салып ойнады», – деді Зимбабве командасын бастап келген Доктор Микоти Мерси Мушангве.
Алматыдағы турнир бел ортаға таяды. Балуан Шолақ спорт сарайында өтіп жатқан FIDE World Cadet Chess Championships 2025 жалғасуда. Медаль үшін күреске 88 елден келген 842 жас шахматшы қатысуда: 8, 10 және 12 жасқа дейінгі ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) санатында.

Негізгі санаттардағы аралық нәтижелер:
- G8 – Алиша Бисалиева (Қазақстан) 6 ұпаймен көш бастап тұр.
- O8 – 100%-дық нәтижені Ван Юйсюань (Қытай) көрсетіп келеді, қазақстандық Әдинұр Әділбек 5½ ұпаймен екінші орында.
- G10 – алда WCM Чинзориг Нандинджигуур (Моңғолия), қазақстандық Милана Филиппова мен Аделина Нұрханқызының сәйкесінше 4½ және 4 ұпайы бар.
- O10 – үнділік AFM Мани Сарбарто көш бастап тұр (6), жеті қазақстандық қуғыншылар тобында.
- G12 – америкалық WFM Лори Кью 6 ұпай жинады.
- O12 – көшбасшылар қатарында алматылық CM Данис Қуандықұлы және түрік спортшысы Али Пойраз Уздемир – 5½ ұпайдан.
Ертең 7-ші турда медальға үміткерлер анықталады.