
26 қыркүйек, жұма күні еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтіліп отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктері хабарлады.
Метеорологтардың мәліметінше, тек елдің шығысы мен оңтүстік-шығысына антициклон ықпал етіп, бұл өңірлерде ауа райы жауын-шашынсыз болады. Республика аумағында жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал. Оңтүстікте тіпті шаңды дауыл соғады.
Солтүстік-батыс Қазақстан, Павлодардың шығысы, Атыраудың солтүстік-шығысы, Маңғыстаудың оңтүстік-шығысы мен Ақтөбе облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары болады деп ескертілді.
Ал Түркістан, Қызылорда, Атыраудың солтүстігі, оңтүстігі мен шығысы, Алматы облысының солтүстігі, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанайдың оңтүстігі және Ұлытау облысында төтенше өрт қаупі күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, Алматы мен Астанада 27–28 қыркүйекте жаңбырлы күндер болады. Ал Шымкентте күн әлі де жылы әрі жауын-шашынсыз сақталмақ.