
2025 жылдың 24 қыркүйегінде Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың ұлы күйші-композиторы, дирижер, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтті.
Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның халықаралық деңгейде аталып өтетін атаулы күндер тізіміне енген.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Бүгін Париж төрінде, ЮНЕСКО-ның мәртебелі штаб-пәтерінде қазақ халқының ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы жоғары деңгейде тойлануда. Қазақ музыкасы мен өнерінің ЮНЕСКО аясында лайықты бағалануы – мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе. Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары – қазақ халқының рухани әлемін паш етумен қатар, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін биік өнер туындылары», – деді министр Аида Балаева құттықтау сөзінде.
«Отырар сазы» мен қазақ әртістерінің өнері
Концерт бағдарламасында Нұрғиса Тілендиевтің әйгілі туындыларын «Отырар сазы» оркестрі орындады. Ұжымға бүгінде композитордың қызы, көркемдік жетекші әрі дирижер Дінзухра Тілендиева басшылық етеді.
ЮНЕСКО сахнасында Қазақстанның белгілі өнерпаздары – Светлана Айтбаева, Әлішер Кәрімов, Фархат Кубиев, Гауһар Жұмағұлова, Асқар Мұқият, Абай Қойшыбаев, Расул Жармамбетов, Нұрғалым Аманбай, Аягөз Хайруллина және Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті.
Нұрғиса Тілендиевтің мәдени мұрасы
Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға. Оның қаламынан 500-ден астам музыкалық шығарма, 50-ден астам драмалық қойылымға және 20 көркем фильмге арналған әуендер туған.
Тілендиев Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің бас дирижері қызметін атқарып, кейін өзі құрған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі болды.
Бұған дейін, ұлы композитордың мерей тойы Мәскеу мен Бейжіңде аталып өткен еді.