
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Шавкат «Номад» Рахмонов алдағы жекпе-жектеріне қатысты UFC ұйымына ерекше талап қойды.
Спортшы соңғы рет октагонға бір жыл бұрын ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы шыққан болатын. Сол кездесуден кейін Шавкат тізе жарақатына байланысты ота жасатып, ұзақ уақыт қалпына келді. Жарақаты толық жазылғанымен, Рахмоновтың сегіз бұрышқа қайта оралу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген еді.
Namys Fighting жобасына берген сұхбатында оның жаттығу серіктесі Фаниль Рафиков қазақстандық файтердің нақты талабын жария етті. Оның айтуынша, Шавкат UFC басшылығынан 2026 жылдың басында жекпе-жек ұйымдастыруды сұраған.
«Шавкат келесі жылдың басында жекпе-жек өткізуді талап етті және қазір қарсыласын күтіп жүр. Бәлкім, бұл уақытта дивизиондағы жағдай да өзгеруі мүмкін: чемпион да, үздіктер де ауысуы ықтимал. Бұл – ең қызықты салмақ дәрежелерінің бірі. Жақын арада Шавкатты көргіміз келеді. Меніңше, ол Белал Мұхаммедке қарсы шығуы ықтимал», – деді Рафиков.
Бұған дейін Рахмонов UFC 322 турниріндегі Джек Делла Маддалена мен Ислам Махачев арасындағы титулдық жекпе-жектің жеңімпазын күтетінін айтқан еді. Алайда соңғы мәлімдемелеріне қарағанда, енді ұзақ үзіліс жасауды қаламайды. Керісінше, белсенділік танытып, чемпиондық белдікке бір табан жақындауды көздеп отыр.